ШӘКІРТТЕР ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН

20160930-04-1Рухани бай, ізденімпаз, адамгершілігі мол тұлға қалыптастыру – ұстаз еңбегінің жемісі.  Өзгенің уақытын аялап, өз уақытын шәкіртінің білімі мен тәрбиесі жолында сарп ететін ұстаздар қауымы қандай құрметке болсын лайықты.

Ол ұстаздық еткен қырық жылда қаншама шәкірт түлетіп, оларға мейірімді ана атанды. Шынында да, оның жаны мейірім мен жылылыққа толы. Әр шәкіртін өз баласындай бауырына басып, қанатын қатайтып, білім нәрімен сусындатты. Сол үшін де оның мыңдаған шәкірті оны өз аналарынан кем көрмеді.

Қаламыздағы №3 жалпы білім беретін орта мектептің ұстаздары да оны ақылшымыз деп жоғары бағалайды. Білікті маман әрі ұлағатты ұстаздан кейінгі жас мамандар тәлім-тәрбие алып, шыңдалды.

Сәулеш Бірахметова 1973 жылы Қарағанды қаласындағы №2 қазақ орта мектеп-интернатын үздік бітірісімен, бірден ұстаздық мамандыққа бет бұрды. Арқалықтағы педагогикалық институтқа барып, мемлекеттік емтиханнан мүдірмей өткен ол физика пәні мұғалімі мамандығын игеріп шықты.

Еңбек жолын 1980 жылы Жезқазған қаласындағы мұғалімдер даярлау институтында бастап, кейін өз қалауымен Ұлытау ауданының «Қаракеңгір», «Алғабас» совхоздарында ұстаздық етті.

– Кеңестік кезеңнің білім беру жүйесінің қазанында қайнап, ысылдық. Жас ұрпақты сапалы біліммен сусындатумен қатар, ауылдың қоғамдық-саяси жұмыстарынан да шет қалмадық. Сақыман, қой қырқым, шөп шабу науқандарының бел ортасында жүрдік. 1983 жылы «Көгелең» бөлімшесінде шағын кешенді мектеп ашылып, сонда басшылық қызметте болдым. Ол кездері балалар білім алуға жан-жақтағы ауылдардан келетін. Олардың бас амандығына біз тікелей жауап беретінбіз. Аудандық депутаттыққа сайланып, елдің мұң-мұқтажын билікке жеткізу міндетін де хал-қадірімізше атқардық. Әсіресе, ауылдағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көмек көрсету, олардың ерлігін жас ұрпаққа насихаттауда аудандық мекеме басшыларымен бірлесе отырып, ауқымды шаралар атқарылды. Қос совхоздың үлгілі отбасыларын насихаттауға арналған «Отбасы – тәрбие мектебі», «Үлгілі, ынтымақты отбасы» жобаларым сол кезде ауыл тұрғындарының арасында қызу қолдауға ие болып, әр салада еңбек еткен әулеттер ұлықталды. Осы еңбегімді бағалап, аудан басшылары бірнеше мәрте Құрмет грамоталарымен мадақтап, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» деп таныды.

Кейін, 1998 жылы кеншілер қаласы – Сәтбаевқа қоныс аудардық. Бұл кезде жарты ғасыр тарихы бар білімнің қарашаңырағы – №3 орта мектеп қайта ашылып, жұмыс істей бастаған еді. Мені сол кездегі мектеп басшысы Мереке Байбекова жұмысқа қабылдап, «Ұзақ жылдардағы сіздің ұстаздық еңбегіңіз жайлы естігенім бар. Сіздей білікті де, өз ісінің шебері біздің мектепке ауадай қажет. Жоғарғы оқу орындарын бітіріп келіп жатқан қаншама маманға өзіңіз бас-көз боласыз», деп зор сенім білдірді.

Мұнымен қоса, мектеп басшылығы «бастауыш сынып мұғалімдері жеткіліксіз. Осы кемшіліктің орнын толтырып, өзіңіздің білім-білігіңізді бастауыш сыныптарына арнасаңыз қайтеді?» деген ұсыныстарынан кейін, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге «Әліппені» меңгертіп, қаншама баланың білім жолындағы алғашқы ұстазы атандым.

Бұл білім ошағында еңбек еткеніме де он сегіз жылға таяп қалыпты. Мектеп қайта жаңарып ашылған күннен бастап бірге еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздар – бастауыш сынып мұғалімдері Бақыт Құланбаева, Сәуле Татаева, жоғарғы сынып мұғалімдері Баян Махамбетова, қазіргі мектеп басшысы Шолпан Адамьянованың шәкірт тәрбиелеудегі өзіндік ізденістері қалыптасқан мамандар.

Өмірде – ұстаздық мамандығын таңдағаныма әсте өкінбеймін, – дейді ұлағатты ұстаз Сәулеш апай.

Сәулеш Бірахметова өзінің жас буынды білімге баулудағы әдіс-тәсілдерін ғылыми айналымға түсіріп, құнды еңбектерге арқау етті. Оның «Әлемдік білім беру кеңістігіндегі интеграция және білім берудегі жаңа технология» және «Мектептегі бастауыш сынып мұғалімдерінің ата-аналармен жұмысын ұйымдастыру» тақырыптарындағы ғылыми мақалалары облыс көлемінде жоғары бағаға ие болып, ғылыми жинақтарда жарық көрді.

Сәулеш Шермұханбетқызы ажарлы алпыстың асқарына ат шалдырса да, ұстаздықтан әлі күнге дейін қол үзбеді. Бала жанының бағбанына айналған оның мәртебесі шәкірттерінің де, әріптестерінің де арасында жоғары.

Еңбек ұжымында абырой, атаққа кенелген Сәулеш апай отбасында ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп отырған ардақты ана, ақ жаулықты әже.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.