Қазақ тілін білу – баршаға міндет!

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты халыққа Жолдауында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – басты бағыттардың
бірі делінген.

Осы Жолдауды жүзеге асыру мақсатында және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен сәрсенбіде №5 «Нұрбөбек» балабақшасында мектепке дейінгі білім мекемелерінің өзге ұлтты тәрбиеленушілерінің арасында «Тіл болашағы – балабақшада» атты қалалық байқау өтті.

Оның мақсаты мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, өзге ұлттар арасында мемлекеттік тілдің маңызын кеңінен насихаттау және мектеп жасына дейінгі талантты, ынталы өзге ұлт балаларын анықтау болды.

Байқау «Таныстыру», «Мақал-мәтел, жаңылтпаш жарысы», «Жұмбақ шешу», «Өнерлерін сынға салу» секілді төрт түрлі тапсырмалардан тұрды. Жалпы сайыста қаламыздың 8-ге жуық балабақшаларынан келген қатысушылар бақ сынасты. Олардың өнерлерін Сәтбаев қалалық сотының бас маманы А.Жәуенова, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Дошкольник» жекеменшік мекемесінің оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары С.Ибраева, қалалық білім, спорт және дене шынықтыру бөлімінің әдіскері Қ.Жарылғапова, қалалық мәдени-сауық орталығына қарасты оқыту әдістемелік кабинетінің әдіскері Л.Ибраева және «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі, оқушылар сарайының қызметкері Г.Аяулина құрамындағы қазылар алқасы бағалады.

Бірінші кезеңнің шартына сәйкес қатысушылар өздері тәрбиеленіп жатқан балалар мекемесін, топтарын мемлекеттік тілде таныстырып болған соң, әр қатысушы өздері білетін мақал-мәтелдері мен жаңылтпаштарын жатқа айтты.

Үміткерлер өнерін бағалау кезінде олардың қазақ тілінде мәнерлеп, таза сөйлеуіне, сахнада өзін-өзі ұстауына және киім кию үлгілеріне баса назар аударған сарапшылар байқау соңында өз қорытындыларын жария етті. ІІІ орынды №10 балабақша тәрбиеленушісі Рафаэль Таиров, ІІ орынды №12 балабақшасынан келген сайыскер Эльнур Багиров иеленді. Ал, І орынды №29 балабақшасының тәрбиеленушісі Надил Нурканов жеңіп алды.

Байқауға қатысушылардың барлығы арнайы үлгідегі дипломмен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Өкініштісі сол, бұл байқауға қаламызда жұмыс істеп жатқан қаншама балабақшадан бар-жоғы 8-і ғана қатысты. Басқа балабақшаларда өзге ұлттың бүлдіршіндері тәрбиеленбейтіндей-ақ. Әрине, балаға мемлекеттік тілді үйретіп, байқауға дайындауға ата-аналарының зауқы жоқ, тәрбиешісі де «сен тимесең, мен тимен» кейпін киіп, жүйкелерін жұқартқысы келмейді.

Мемлекеттік тілді дамытуға өз үлестерін қосқысы келмейтін әрбір мекемеге қатаң талап қойып, орындамаған күнде жауапқа тарту керек сияқты. Әйтпесе, қоғамда қазақ тілінің алға жылжуы екіталай…

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.