ЖЕТІ ҒАСЫР ҚҰНЫН ЖОЙМАҒАН

Төмендегі нақылды атақты Ислам ғалымы Шейх әдәб Али айтыпты. Ол жазылғалы арада аттай 700 жыл жатса да, әлі күнге ескірмегендігі, құнын жоймағандығы, одан бергі заман ағымына қарамастан өміршең қалпын сақтауы, шындығында да, таңғаларлық.

«Балам, таң қылаң бере туылып, кешкі азан оқылғанда өлетін адам болады. Өзіңді баса біл!
Бойыңдағы күшті, ақылды, ауыздағы сөзді қашан, қай жерде, қалай қолдану керектігін біл. Әйтпесе, бір күні жел соққандағы қауқарсыз жапырақ кейпіне түсерің анық.

Ашуың мен нәпсің бір жақ боп, ақылыңды жеңіп кетпесін. Ылғи да сабырлы, тұрақты бол, өз ерік-жігеріңді ырқыңда ұста.
Сенің көзіңе көрінгендей, әлем соншалықты үлкен емес. Әлі де жасырын, әлі де жұмбақ дүние сенің парасатың арқылы ашылады.
Ата-анаңды құрметте! Берекет үлкенмен бірге жүреді.

Бұл дүниеде наным-сеніміңнен қол үзіп қалар болсаң, жап-жасыл күйіңде қурап, шөлге айналасың.
Ақжарқын бол, ашық айт. Әр сөзді көңіліңе ала берме.
Көп білемдікке салынба, әр көргеніңді айта берме.
Өзіңді жақсы көретін жерге көп барма, сый-құрметтен айырыласың.
Үш кісіге жаның ашысын: надандар арасындағы ғалымға; байлығынан қол үзген кедейге; құрметке ие болып жүріп абыройынан айырылған адамға.

Жоғарыдағы төмендегідей алаңсыз отыра алмайтынын ұмытпа!
Ақ екенің рас болса, күресуден қорықпа!».
Әзірлеген Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.