Дайындық пысықталды

Қалада жылу маусымы басталғанға дейін көпқабатты үйлердің тұрғындары электр жылытқыштарды пайдаланады. Алайда, көбі осы құрылғылардан шығатын өрт қаупін ескере бермейді.

Тілсіз жаудың алдын алып, оны болдырмау мақсатында қалалық төтенше жағдайлар бөлімі мен №44 өрт сөндіру мекемесінің мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Жақында аталмыш мекемелердің қызметкерлері көпқабатты үйлерде өрт туындай қалған жағдайда тактикалық тұрғыдан дайындықтарын пысықтау мақсатында оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді.

«Шаталюк, 50 үйде төтенше жағдай орын алды», деген дабылға жедел жеткен құтқарушы топ дайындық барысында адам өмірін құтқарып қалудағы өздерінің іс-қимылдарының шапшаңдығын байқатты.

– Көпқабатты үйлердің тұрғындары көбіне жылу берілгенге дейін жылыту құралдарын жиі қолданады. Мұнан бөлек, электр пешін қараусыз қалдыру, жер үйлердегі пештердің уақытылы тазаланбауы салдарынан да өрт оқиғасы жиі тіркеледі. Мұнымен қоса, ПИК, ТКТ дәнекерлеушілеріне дәнекерлеу барысында өрт қауіпсіздігін қатаң түрде сақтауын ескертеміз. Тағы бір ескерте айтатын жағдай, көпқабатты үйлердің тұрғындары көліктерін арнайы көлік тұрағына қоймай, үйлердің қасына не болмаса жол жиегіне қойып кетеді. Мұндай кедергілер біздің құтқару жұмысымызға кері әсерін тигізеді, – дейді төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қайрат Тұяқбаев.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.