«Жабайы сауда» жолға қойылмақ

20160930-02-1«Жабайы сауданың да шегі бар. Әркім өз қалаған жерінде сауда жасап, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысуға дағдыланып алған. Мұндай жабайы саудаға қашан нүкте қойылады» деген шағымдар әкімдікте өткен жиындарда жиі айтылып жүр.

Жуырда қала әкімі Асқар Ыдырысов жауапты мекемелерге жабайы сауданың алдын алуға тапсырма берді. Осыған орай жақында қалалық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қалалық филиалы, жергілікті полиция өкілдері рейдтік шара өткізді.

«Тұрар» базарының маңын жаулап алған жабайы сауда иелеріне белгіленбеген жерде сауда жасауға рұқсат етілмейтіндігін түсіндірген топ мүшелеріне мұндағы саудагерлер өз уәждерін алға тартты.

Мұнда көбіне-көп саяжай өнімдерін саудаға шығаратын егде жастағы кісілер. Олар қалаға коммуналдық базардың ауадай қажеттігін алға тартып, шыр-пыр болды.

– Бізді айнала қуғанша жергілікті әкімшілік коммуналдық базар ашып, сонда орналастырсын. «Әсел» базарына біздің барғымыз-ақ келеді. Алайда, онда ешқандай жағдай жасалмаған. Әкімдіктегілерге осы мәселені сан мәрте айтқанымызбен «бәрін жасаймыз» деген жалған уәдемен келеді. Біздің де күн көруіміз қажет. Бала-шағамыздың нанын айырып отырғанымыз осы сауда, – дейді сатушылар.
Шын мәнінде, сауда-саттықпен күнелтіп жүрген саудагерлерге тұрақты орын болса, олар салық төлеуден де жалтарғысы жоқ.
Бас қатыратын мәселеге айналған базар дауы алдағы уақытта шешімін тапса, саудагерлер де риза болып, жабайы сауданың да алды алынар ма еді?!

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.