АУЫЛДАҒЫ МАМАНДАРҒА ТҰРҒЫН ҮЙ САТЫП АЛУ ҮШІН 43,6 МЛРД. ТЕҢГЕ КРЕДИТ БЕРІЛГЕН

Жуырда орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Дипломмен – ауылға» жобасын іске асыруға арналған баспасөз конференциясы өтті. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2009 жылы бастау алғандығын еске саламыз. Ол әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуді көздейді.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Экономиканың инфрақұрылымдарын дамыту департаментінің директоры Ұ.Жазылбектің мәліметіне сәйкес, жобаны іске асыру бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр, әсірсе өткен жылдармен салыстырғанда ауылдық жерлерге кадрлар келуінің артқандығы байқалуда.

«Жобаны іске асырған сәттен бастап ауылдық жерлерге жалпы сомасы 9,3 млрд. теңге көтерме жәрдемақы алған 46 631 мың маман тартылса, 19 263 маманға тұрғын үй сатып алу үшін жалпы сомасы 43,6 млрд. теңге бюджеттік кредит берілген», деп атап өтті департамент директоры.
Жалпы, келуші мамандар саны салалар үлесінде төмендегідей: білім беруге 33 400 адам, денсаулық сақтау – 9 813 адам, мәдениет – 1 289 адам, спорт – 616 адам, әлеуметтік қамсыздандыру – 403 және агроөнеркәсіптік кешеніне – 1 110 адам тартылған.
Ағымдағы жылы жоба шеңберінде 5 850 маманды ауылға тарту үшін көтерме жәрдемақы ұсынуға 2,1 млрд. теңге және 2 725 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 8,6 млрд. теңге бюджеттік кредит ұсыну қарастырылған. 2017 жылы 3 232 маманға тұрғын үй сатып алуға 11,0 млрд. теңге жоспарланған.

«Жобаны іске асыру ауылға әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешені мамандарын бекіту мәселесін шешуге оң әсер етеді. Жалпы, ауыл халқының денсаулығын нығайту, сауаттылығы мен мәдениетінің деңгейін көтеру, сондай-ақ, қала және ауыл арасындағы үйлеспеушілікті теңестіруді қарастыратын ауылдағы қызмет көрсету сапасын жақсартады, кадр әлеуетін арттырады және мультипликативті тиімділікті қамтамасыз етеді» деді Ұ.Жазылбек.

Комментарии закрыты.