Торғайда дүбірлі той өтті

Қостанай облысының Амангелді ауданында 1916 жылғы халық қозғалысының 100 жылдығы мерекесі республикалық деңгейде тойланды. Мерекелік шараларға Астана, Алматы, Арқалық қалаларынан, облыс орталығынан, Ақмола облысынан арнайы шақырылған қонақтар, ауданның зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары қатысты.

Тойдың бірінші күнінде аудан орталығындағы «Наурыз» алаңында облыстың түкпір-түкпірінен келген 12 айтыскер ақындардың қатысуымен тартысты айтыс өтті.

Келесі күні той бағдарламасы «Шұғыла» алаңында Амангелді Иманов ескерткішінің жанында батыр рухына дұға бағыштаудан басталды. Аудан әкімі Н.Өтегенов, Амангелді батырдың тікелей ұрпағы Б. Амангельдиев, батыр рухын көтеруші, ҚР Парламенті Сенатының депутаты С.Ақылбай, аудан ардагерлері сөз сөйлеп, Амангелді орта мектебінің оқушылары «Батыр баба рухына» арнауын оқыды. Аудандық «Сатыбалды Ишан» мешітінің бас имамы Ж.Әмірхамзин құран бағыштады. Одан кейін аудандық мәдениет үйінде «Мәңгілік Ел» мұраты: Тарих пен тағылым» атты ғылыми конференция өтті. Қостанай облысы әкімінің орынбасары М.Жүндібаев құттықтау сөз сөйледі. Конференцияда танымдық негізде тарихшы, саяси ғылымдар кандидаты Б.Әбдіғалиұлы, тарих ғылымдарының докторы, Амангелді Имановтың ұрпағы Б.Рамазанұлы, басқа да шығып сөйлеушілер халық қозғалысының Қазақстанның тарихында алар орнын дәріптеп берді.
Тойдың қызығы аудан орталығындағы «Той төбе» ипподромында А.Имановтың ерлігіне арналған театрландырылған көрініспен жалғасты. Көптің делебесін қоздырған 12 және 25 шақырымдағы бәйге, қазақ күресінен «Кіші түйе палуан», «Нар түйе палуан» сайыстары өтті.
Осы күні А.Иманов атындағы аудандық мемориалдық мұражайының, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, тері аурулары бөлімшесінің күрделі жөндеуден кейін ашылуы болды. Әсіресе, аудан қонақтарына Иманов мұражайының жаңа келбеті, ондағы тарихи жәдігерлер үлкен әсер қалдырды. Мұражайдың бірінші қабатында аудан тарихында, оның жарқын беттерінде өшпес із қалдырған еңбек ерлері мен асыл азаматтарына қатысты құжаттар, суреттер жиналған. Екінші қабатта 1916 жылы Амангелді батыр басқарған ұлт-азаттық қозғалысқа қатысты қызықты да сирек жәдігерлер жинақталған. Мұнда Амангелді сарбаздарының туы, қару-жарақтары, тарихи деректер, сол кездегі қазақтың салт-дәстүріне, тұрмысына қатысты киім-кешектер, үй жиһаздары, басқа да қазақи бұйымдар бар. Сонымен бірге, Торғай өңірінде Амангелді батырдың сарбазы Кейкі мергеннің сүйегі де жерленген. Ол жөнінде мұражайдағы деректерден білуге болады.
Кешке Амангелді, Жангелдин аудандары мен Арқалық қаласы өнерпаздарының тойға шашу концерттік бағдарламасы өтті.

Іс-шара барысында аудан әкімі Н.Өтегенов бір топ қонақтарға, аудан азаматтарына естелік медальдар мен сыйлықтар табыс етті.
Мерекелік бағдарлама республикаға танымал өнер жұлдыздарының «Жаса, Қазақстан!» шоу концертімен және мерекелік от шашумен өрнектелді.

Мәди Әлжаппаров. Сәтбаев-Амангелді-Сәтбаев.

Комментарии закрыты.