Елімен етене Елбасы

2007 жыл ел есінде елеулі оқиғалармен қалғаны мәлім. Осы жылы үлкен саяси дода – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. Оның үстіне, дәл осы жылы отандық өндірістің ошағы саналатын «Қазақмыс» корпорациясының өмірге келгеніне 10 жыл толды, сол қазақ өндірісінің қарашаңырағы саналатын қазыналы өңір – Балқаш қаласы өзінің 70 жылдығын атап өтті. Міне, осы мерейлі мерекелер мен айтулы оқиғаларды алға салған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2007 жылдың қыркүйек айының басында Қарағанды облысына екі күндік сапармен келді.

Бұл сапардың жоғарыдағы атаулы оқиғалардан бөлек тағы бір себебі бар еді. Қарағанды облысы қашаннан Елбасының саяси да, экономикалық та тірегі болып жүрген аймақ. Ал, кешегі саяси додада қарағандылықтар тағы да үлкен қолдау көрсетті. Яғни, сайлау күні Қарағанды облысының жұртшылығы «Нұр Отан» партиясын қолдап, 95 проценттен астам дауыс берді…

Мемлекет басшысы өзінің аймаққа сапарын әуелі Балқаш қаласынан бастады. Онда Нұрсұлтан Әбішұлы жаңадан іске қосылған күкірт заводының жұмысымен танысып, Арқаның ардақтысы, Ақжолтай батыр атанған Ағыбай батырға арналған ескерткіштің ашылуына қатысып, ұлылықты ұлықтаған ұрпақтар ісіне ризашылығын білдірді. Арнайы атбасын бұрған соң Елбасы Балқаштың бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандарын аралап, Балқаш көлінің келешегі жайлы келелі ой қозғады.

Бұдан соң Мемлекет басшысы өзін асыға күтіп отырған Жезқазған өңірі, Сәтбаев қаласының жұртшылығымен жүздесуге ұшып келді.

ӨЗГЕРГЕН ӨҢІРДЕГІ ӨНДІРІСТІ ШАҺАР

Қарағанды облысына келген сапарларында Мемлекет басшысы Ұлытау-Жезқазған өңіріне, оның ішінде Сәтбаев қаласына соқпай кеткен емес. Ал, Елбасы өзінің бұл жолғы сапарын  бірден кеншілер қаласынан бастағаны сәтбаевтықтар үшін үлкен мәртебе болды. Құрметті мейманның қаламызға атбасын арнайы бұруының да өзіндік сыры бар. Дәл осы жылы еліміздегі іргелі өндіріс ошағының бірі де бірегейі – «Қазақмыс» корпорациясына 10 жыл толып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы осынау торқалы тойға арнайы келіп қатысуға ниет білдірді. Оның да өзіндік себебі бар. «Қазақмыс» Елбасының Тәуелсіздік жылдарындағы төл перзенті іспетті…

Азды-көпті арғы тарих туралы

10 жыл. Бұл Жезқазған өндірісінің еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихы ғана. Ал, оның тамыры тым әріде жатқанын бүгінгі ұрпақтың бірі білсе бірі білмеуі мүмкін. Сондықтан, осындай торқалы той күндері тарихтан тәбәрік таратқанның да артығы болмас деймін. Жалпы, тарихты білу, ұрпақтар санасына тарих зердесін ұялату – үлкен тәрбие.

Сонымен, тарих былай деп сыр шертеді. 1847 жылдың 10 қарашасында Қызылжардың көпесі Ушаков Бағаналы руының шонжары Батыр Бақаншин мен сол рудың биі Шиан Таңсықбергеновтен Кеңгір өзенінің сағасын 400 сомға сатып алып, шартқа қол қойысады. Сол тұстары орыс капиталистерінің іске шорқақтығын сәтті пайдалана білген ағылшын, американ, итальян капиталистері бұл өлкеге көз тіге бастайды. Ақыры, 1907 жылы Фон Штейн деген ағылшын Жезқазғанды 200 мың сомға сатып алады. Дес бергенде, олардың келісімі, ойға алғандары орындалмай қалды. Оған Ұлы Қазан төңкерісі себепкер болды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бұл өлкеге И.Деев бастаған, Ш.Далабаев, П.Холмецкий, А.Комиссаров, Н.Саусақов, В.Перчаткин, В.Прокопьев, Ж.Жанбосынов сынды саналы азаматтар келіп, қазақ өндірісінің қазығын қаққан еді. Бүгінде сол аға буынның еңбегінің арқасында туған өлке төсіндегі ен дәулет шашау шықпастан ел игілігіне айналуда.
Қысқасы, Жезқазған комбинаты дүние жүзіндегі мыс өндірісінде толық механикаландырылған алғашқы кәсіпорынға айналды. 50-60-шы жылдары Жезқазған өндірісі қарышты дамып, алып шахталар өмірге келді. Оның алғашқы жұмысшылары еңбекпен түзеу мекемелерінің контингенті болды. Кейін өндіріске жоғары дәрежелі білікті мамандар мен инженер-техниктер көптеп келе бастады.

Бертінгі тарихқа тоқталсақ…

Осылайша, бір кездері 400 сомға сатылған қасиетті мекен ел игілігіне дүние жүзіндегі ең сапалы кен тасқынын толассыз ағызды. Өкінішке орай, Одақ құлап, елде «тұрымтай – тұсына, балапан – басына» деген заман басталғанда комбинат дағдарысқа ұшырады. Әйтсе де, Елбасының сарабдал саясатының арқасында елге шетелден инвесторлар тарту арқылы өндірістің тамырына қан жүгіре бастады. Комбинатты «Самсунг» фирмасы алып, оның екінші тынысы ашылды. Тынысы ашылып қана қойған жоқ, әлемдегі мыс алыптары ондығының ортасынан ойып тұрып орын алды. 1997 жылдан бастап «Қазақмыс» корпорациясы деген мәртебелі атауға ие болды.

Осы он жылдың ішінде қазыналы «Қазақмыс» қанатын кеңге жая түсті. Бір кездері елімізде тоқырап, тұралап қалған бірнеше өндіріс ошақтарын қанатының астына алып, аяғынан тік қойды. Корпорация құрамында Балқаш тау-кен комбинаты, Шығысмыс комбинаты, «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі шаңырақ көтерді. Кейін Семей өңіріндегі Ақтоғай кенішіне де «Қазақмыстың» оң назары түсіп, өндірісі іске қосылды. Бір ғана «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің өзінен бірнеше жаңа кен орындары ашылып, олар Тәуелсіз еліміздің табыс қазанын тасытуға үлес қосуда.

«Қазақмыс» корпорациясының іргелі кен ошақтары, кеніштері мен кәсіпорындарының дені Сәтбаев қаласының аумағында орналасқан. Бұл, қаланың келешегіне де үлкен ықпал етуде. Корпорация кеншілер қаласының әлеуметтік-экономикалық, мәдени ахуалының оңалуына қомақты үлес қосты. Сол жылдары қалада теңдесі жоқ мәдени-спорт, денсаулық сақтау нысандары салынып, пайдалануға берілді. Әрине, мұның бәрі тікелей Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырылғанын айту ләзім.

Қазыналы «Қазақмысқа» – 10 жыл

Міне, қашан да назарынан тыс қалдырмайтын өзгерген өңірдегі өндірісті шаһарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тағы да атбасын тіреді. Қазыналы «Қазақмыстың» 10 жылдығына арналған тойға қатысып, кенші қауыммен жүздесті. Елдің еңсесін көтеріп тастады.
2007 жылдың қыркүйегі елдің есінде ерекше жатталып қалды. Кеншілер қаласының сәулетті орындарының бірі – Спорттық-сауықтыру кешені – бұл күні ерекше жағдайда безендірілді. Өйткені, мұнда «Қазақмыстың» 10 жылдығы аталып өтпек. Мұнда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы, Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбев келмек.

Мемлекет басшысының келетінін естіген қала тұрғындары құрметті мейманды қарсы алып, тағы бір рет қауышып, лебізін тыңдау үшін осында жиналған. Тәуелсіздік даңғылы бойындағы жолдан өту мүмкін емес. Сапырылысқан халық.

Бұл кезде «Мұз айдыны» сарайында тойға әзірлік қызу жүріп жатқан. Арнайы шақырылған қонақтар, ардагерлер, қаланың Құрметті азаматтары сарайға кезекпен кіргізіліп жатыр. Біз келгенде сарайда ине шаншар жер жоқ екен. БАҚ өкілдеріне арнап жабдықталған орынға әзер жеттік.

Төрдегі биік мінберге дейін қызыл түсті түкті кілемше төселіп тасталыпты. Кілемшенің екі жағынан қаз-қатар кеншілер, спортшылар, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері, қаланың көркемөнерпаздары орын алған.

Мемлекет басшысы мінген кортежді қала халқы Тәуелсіздік даңғылы бойынан қарсы алды. «Қазақстан жасасын!», «Қазақстан – Нұр Отан!», «Қазақстан – Нұрсұлтан!» деген ұрандар қосарлана айтылып, қала көшелерін жаңғырытып тұрды. Президент өзіне құрмет көрсетіп, қошеметтеген халыққа шынайы пейілмен ризашылығын білдіріп, қол бұлғады.

Қадірлі мейман Мұз сарайына кіргенде де жалынды сөздер сарай ішін жаңғыртып, құлақ тұндырғандай болды. Қақ жарылып тұрған халықтың ортасымен өтіп бара жатқан Елбасы елмен күлімдей амандасып, меймандарға арналған орынға жайғасты.
10 жылдыққа арналған салтанатта Елбасы жиналған жұртшылықты мерейтоймен құттықтап, еліміздің, аймағымыздың бүгіні мен ертеңі жайлы тебірене сөйледі.

– Қадірлі жезқазғандықтар және сәтбаевтықтар! Бүгін сіздер мен біздер мұнда «Қазақмыс» корпорациясының 10 жылдық торқалы тойына жиналып отырмыз.

Тоқсаныншы жылдары біздер үшін, аға буын өкілдері үшін, үлкен сын сағаты туындаған еді. Бұл кезде Жезқазған, Балқаш, Теміртау тау-кен металлургия комбинаттары өте ауыр жағдайда болатын. Жалғыз бұлар ғана емес, еліміздің іргелі өндіріс ошақтары тоқырап, тоқтап қалды. Халық жұмыссыз, жалақысыз босып кетті. Тіпті, тұрғын үйлердің жылусыз қалған кездері де болды.

Осынау өтпелі кезеңде Қазақстанның келешегіне күмәндана қарағандар да болды. Біздің Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына, экономикамыздың қалыпты жағдайға түсуіне шек келтіріп, сырттан тон пішкендерді де естідік.

Сол бір ауыр жылдарда мен Жезқазған өңіріне арнайы келіп, металлургтермен, кеншілермен кездестім. Олардың күйзелісін мен жан-тәніммен сезіндім. Өйткені, менің өзім де маталлургпін ғой. Сол жолы мен өндірісті аяғынан қоюға уәде бердім. Ол үшін халықты бірлесе күш жұмсауға шақырдым.

Осы мақсатпен комбинатты «Самсунг» фирмасына 5 жылға басқаруға бердік. Қомақты қаржы салған инвестор комбинаттың барлық қарыздарын жапты. Өндіріс ырғағы қалыпқа келіп, халық жалақы ала бастады. Ақыры комбинат аяғынан тік тұрды.

Бүгінде «Қазақмыс» корпорациясы Лондон биржасында тұрған әлемдегі 100 ірі компаниялардың бірі. Оның өнімінің сапасы да әлемге танымал. Бұл Жезқазған, Балқаш металлургтерінің, кеншілерінің қажырлы еңбегінің жемісі. Бұған «Қазақмыс» корпорациясы басшыларының, инженерлерінің, менеджерлерінің іскерлігі арқасында қол жеткіздік. Бүгін біз «Қазақмыстың» қанатын кеңге жайғанын көріп отырмыз. Тұтас Қазақстан туралы да осылай деп айтуға болады.

Қазір біз халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарта отырып, Қазақстанды алдыңғы қатарға шығарып, әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосуға күш салудамыз. Бұл жөнінде таяуда өткен сайлау қарсаңындағы «Нұр Отан» партиясының тұғырнамасында егжей-тегжейлі айтылды. Алдағы жылдары біз экономиканы екі есе арттырып, табысты да осылайша көтереміз. Жүздеген емханалар мен мектептер саламыз. Автокөлік және темір жолдар салынатын болады. Халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылысының да қарқынын арттырамыз.

Біздің еліміз индустриялық даму жолына түсті. Сол арқылы біз мұнай мен газға, минералдық ресурстарға тәуелділіктен арылатын боламыз. Біз жаңа экономика жасауға талпынып жатырмыз. Ол уәдемізді орындаймыз. Бұған сіздер де ықпал етесіздер. Біздің осы келешегімізге сенім артып отырып, сіздер, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының тұрғындары, 2005 жылы маған дауыс бергенде біркісідей «Нұр Отан» партиясына дауыс бердіңіздер. Сол үшін мен сіздерге зор алғыс сезімімді білдіремін.

Саяси тұрақтылық, халықтар достығы, бір-бірімізге деген түсіністік пен сенім – мұның бәрі ең асыл қазынамыз. Ішкі жағдайымыздың осындай мызғымас бірлігінің арқасында біз барлық асуларды аламыз.

Елбасы өз сөзінде жастарға да үлкен сенім білдіріп, олардың келешегі үшін барлық жағдай жасайтынын айтты.

– Сіздер үшін біз әлемдік деңгейдегі мектептер мен университеттер саламыз. 5 мың жас жігіттеріміз бен қыздарымыз әлемнің түкпір-түкпірінде оқып жүр. Олардың мыңдағаны өз елімізге келіп, әр түрлі салада жемісті еңбек етіп жүр.

Елдің келешегі сіздерсіздер! Қазақстанды жан-тәндеріңізбен сүйіңіздер. Баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын! Бақытты болыңыздар!

Салтанатта кеншілер мен металлургтер де сөз алып, алтын уақытын бөліп, мерейлі тойға арнайы келген Мемлекет басшысына алғыс сезімдерін білдірді.

Халқымызда «Тойың тойға ұлассын» деген тамаша сөз бар ғой. Бұл күні шын мәнінде тойымыз тойға жалғасқан күн болды. Елбасымыздың елге келіп, халқымен қауышуы бір той десек, соның себепкері болған «Қазақмыс» корпорациясының 10 жылдық мерекелік бағдарламасы да думанға айналды. Ең алғашқы болып той шашуын шашқан Роза Рымбаева, Нұрлан Абдуллин, «Ұлытау» тобы бастаған қазақ эстрадасының бір топ жұлдыздары көпшілікке зор қуаныш сыйлады.

…Мерекелік думаннан кейін Мемлекет басшысы мінберден түсіп елмен жылы қоштаса бастады. Сарайдың ардагерлер отырған тұсына келіп сәл аялдаған Елбасы қолын көтеріп қимастықпен жымиды да, шығар есікке қарай беттеді.

Уақыт шіркіннің осындайда тығыздығына налисың да. Бірақ, ел басқарып отырған адамда бос уақыт болсын ба деп өзіңді өзің жұбатасың. Әйтпесе, екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін қуаныш – Елбасымен жүздесудің мұндай қысқа уақытта өте шыққанын кім қалар дейсіз?..

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.