Әлеуметтік жаңару – жаңа әлеуметтік саясат

Сәтбаев қалалық қазынашылық басқармасында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттау және Медиа-жоспарды іске асыру мақсатында кезекті отырыс өткізілді. Отырысқа басқарма бастығы Б.Ж.Шәкенов төрағалық етіп, барлық басқарма қызметкерлері қатыстырылды.

Басқарма бастығының орынбасары Р.М.Шертаева жасаған «Әлеуметтік жаңару – жаңа әлеуметтік саясат»  тақырыбындағы баяндамада биылғы Жолдаудағы стратегиялық бағыттар аталып өтті.

–    Бұл Жолдаудың өзегі өткен жылғы Жолдаудың негізінде қабылданған  «ҚР 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында»  бекітілген   «Әлеуметтік жаңару – жаңа әлеуметтік саясатты» іске асыру болып табылады.    Яғни,  биылғы Жолдау да еліміздегі жүргізіліп жатқан реформаның терең ойластырылған, кесіп-пішілген сапалы реформа екендігін тағы бір дәлелдейді, – деді баяндамашы. Ол алдағы он жылдықтағы жедел индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы, Жолдаудың ерекшелігі болып табылатын әлеуметтік саланы сапалы дамытуға арналған бағдарламалар туралы, оның ішінде  білім беру, денсаулық сақтау және тіл туралы мемлекеттік бағдарламаларға жеке-жеке тоқталып өтті. Сонымен қатар, баяндамашы халықтың әл-ауқаты мен тұрмысының жақсаруы ең алдымен Елбасының Үкімет пен әкімдерге тапсырған  еңбекпен қамтудың жаңа стратегиясын, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңарту, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты маңызды бағдарламалардың орындалуына  байланысты екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, отырыста мемлекеттің жұмыспен қамтуға қыруар қаржы бөліп, жұмыссыз адамға жаңа кәсіпті меңгеру үшін ақша беріп, адамдар қабілетінің жарқырап ашылуына негіз жасап отырғандығы талқыланды.

Жарыссөзге қатысушылар әлеуметтік саясаттың  алдағы 10 жылдықтағы міндеттерінің едәуір бөлігі 2015 жылға дейін орындалатынына халықтың  сенімінің мол екендігін айтты.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.