ОЙРАНЫ ШЫҚҚАН ОТБАСЫ

Шетелде қызметте жүрген жігіт келіншегінің білімге қызығушылығын оятуды ойлайды. Оның ондағы қызмет орнының тәртібі бойынша әйелін екі жылдан соң және компьютермен ғаламтор жүйесінде жетік жұмыс істеуді меңгергенде ғана қасына алуына рұқсат етіледі екен. Сөйтіп, жігіт көрікті келіншегіне компьютер сыйлайды. Келіншек аса алғыр болса керек, әлеуметтік желіде желдей есіп жүреді. Бірде оның күйеуі жұмбақ есіммен басқа пошта ашуды ойлайды. Онысы өзіне қатты ұнап, жедел жүзеге асырады. Сосын жұмбақ есіммен ашып алған пошта арқылы мынандай мәтін кетеді:

Күйеуі: «Шетелде қызметтегі 35 жастағы жігіт. Табысы қомақты. Керемет үйі және көлігі бар. Орта білімді қызға үйленуді ойлайды. Компьютерді меңгерген және ғаламтор жүйесін жетік біледі. Тұрмыстық өмірді қатты қадірлейді. Әйелі өзімен бірге шетелде болады. Егер ажырасқан болса да, кедергі емес. Танысқысы, тұрмыс құрғысы келетін қыз-келіншек осы электронды поштаға хабарлассын».
Сосын әйеліне әдеттегідей хат жіберуді жалғастыра береді. Бірақ, ол кейінгі хатында әйелін қасына алуға жасаған әрекетінің сәтсіз аяқталғанын, тағы да біраз күтуіне тура келетінін жазады. Әйелі ол хатты оқығасын үмітін үзеді де, өзін алдандыру үшін ғаламторды қарай бастайды. Кенет жұмбақ есіммен жіберілген хатты көзі шалады. Хат әйелдің бүкіл сезімін билеп алады. Көп уақыт өткізбей, дереу жауап жазады.

Әйелі: «Жасым 30-да. Білімім орта. Компьютерді меңгергенмін. Ғаламтор жүйесін жетік білемін. Тұрмыстық өмірді бағалаймын. Сізге тұрмысқа шығып, шетелде тұруға қарсы емеспін. Электрондық мекен-жайым осы хатты жіберіп отырған пошта».

Күйеуі хатты алады. Әйелінің желіде екенін біледі. Аздап абдырап қалады. Негізінде ол басқа қыз-келіншекпен ойнамақшы еді. Өз әйелінің құрбан болатынын ойламаған. Сосын ол әйеліне қосымша мәлімет жіберуін өтініп хат жолдайды.

Әйелінен мынадай жауап келеді: «Күйеуім шетелде жұмыс істейді. Мен шетелдің қандай екенін көрген емеспін. Күйеуім мені тастап кеткен». Сосын мынандай сөз қосты: «Ол мені шетелге алып кете алмаған соң, мен одан ажырасуды талап еттім. Ол келісімін беріп, ажырастық». Енді күйеуі суретін жіберуді өтініп хат жолдады. Сонда әйелі көкірегін жалаңаштап түскен суретін жіберді. Сөйтті де: «Сіз де маған суретіңізді жіберіңіз» деп жазып қойды.

Күйеуінен: «Егер мен суретімді жіберсем, таңданғаннан талып қаласыз» деген жауап келді. Әрине, әйелі бұл сөзді түсінбеген еді. Келесі хатында: «Сізді көріп, ес-түсімнен талып қалғым келеді» деп жазды. Арада бірнеше күн өтті, әйелге хат келмеді. Әйел тағы: «Мені ес-түсімнен айыруыңызды асыға күтудемін» деп хат жолдады. Сонда күйеуі оған екеуінің бас қосып, отау тіккен кезіндегі суретін салып, астына: «Талақсың, талақсың, талақсың!» деп жазып жіберді. «Ойыннан от шығады» деген осы. Бұл жолы отбасы ойран болды.
P.S. Өте өкінішті оқиға. Ғаламторды арам ниетпен пайдаланудың ақыры осылай болады.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.