Тағдырдың талқысына мойымаған

«Еңбек барлығын жеңбек». Бұл Бақыткелді Әбдірахмановтың өзін-өзі шыңдап, тағдырдың қиындығына мойымау үшін жиі қайталайтын сөзі. Жарық дүниеге екі қолы кем болып келгенде ел «Бұл бала қалай күн көреді екен?» деп, мүсіркей қарағанын сезетін. Бала күнінен бастап қайтсем де елдің көшінен қалмаймын дегенді өзіне мақсат етіп қойған ол жігері мен мақсатын тағдырына қарсы қоя білді… Бұған әкесі Әскербектің де ықпалы аз болған жоқ. Керемет суретші болмаса да ауылдастарының бейнесін, ауылдың табиғатын барынша ұқсатып салып жүретін әкесінің өнеріне қызыға қарайтын. Бертін келе бұл да сурет салумен әуестене бастады. Қиналса да қолына қарындаш пен қылқалам ұстап, көзіне көрінгенді қағаз бетіне түсіруге тырысты.

– Менің бейнелеу өнеріне деген құштарлығымды оятқан әкем болатын. Он жылдықты бітірісімен Жезқазған қаласындағы педагогикалық институттың бейнелеу өнері факультетіне түстім. Мұнда елімізге танымал қылқалам шеберлерінен сурет салудың технологиясын, ағаштан ою ойып, темірден түйін түюдің қыр-сырын меңгердім. 1995 жылы жоғарғы оқу орнын тәмамдап, өз бетімше шығармашылықпен айналыстым. Үйде отырып қала мектептерінен келген тапсырыстарды орындап жүрдім. Кейіннен той-томалаққа, арнайы мерекелік іс-шараларға естелік сыйлықтар дайындадым. Әзірше қолөнермен айналысатын шеберханам жоқ. Аядай ғана екі бөлмелі үйдің бір бұрышында кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Тіпті өзімнің қолымнан шыққан туындыларым үйде сақталмайды. Көзі түскен кісілер сатып алады.

Қазір заманауи технологияның дамыған уақыты ғой. Қолөнер бұйымдарын әртүрлі тәсілдермен дайындау үшін үш бірдей станокқа қолым жетті. Бұл менің көптен бергі арманым еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, менің көктен іздегенімді жерден тауып берген Аллаға, одан кейін «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасы Сәтбаев қалалық филиалының жігіттеріне алғысым шексіз. Мұндағы Ғалымжан Сүтбаев, Әнуар Махмұд, бөлім басшысы Берік Әбеннің қолдауымен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры мен «Казкоммерцбанктің» «Құс жолы» қайырымдылық қоры бірлесіп жалпы сомасы 300 мың теңгені құрайтын үш станок алып берді. Енді осы құрылғылар арқылы жаңа технологияда бұйымдар жасауға мүмкіндік туды.

Тек шеберханаға лайықты орын болса, қолға алған кәсібімнің тынысы ашылып, керегесі кеңейер еді. Ол үшін де ізденіп жатырмын. Өмірдегі барлық кездескен қиындықтарымды мен еңбек арқылы жеңемін. Бір сәт бос отырған күнім жоқ. Әр сағат, әр минут мен үшін қымбат. Бұл сәттерде ойыма тың дүниелер келсе соны іске асырып, өз ісімнен ләззат аламын , – дейді Бәкең.

Тағдыр талқысына мойынсұнбай өзінің өнерін кәсібіне айналдырған екінші топ мүгедегі Бақыткелді Әбдірахмановтың қолтаңбасы қалған дүниелер көптің көзайымына айналған. Оның туындылары қалалық деңгейде өткен қолөнер шеберлерінің көрмесінде өзіндік бағасын алып, талай марапатқа лайық деп танылды.

Қоғам назарынан тыс қалмай, өзінің қарім-қабілетімен қанында бар қасиетті осылайша шыңдап жүрген Бақыткелдінің алда әлі талай асуларды бағындырып, өнер өлкесінде өзінің тың дүниелерімен таң қалдыратынына сенім мол.

Бақыткелді Әбдірахманов бүгінде жұбайы Баянмен 3 ұл тәрбиелеп отырған шаттықты шаңырақ иесі.

P.S: «Шын шеберді ісіне қарап таны» демекші, Бақыткелдінің өнерін шыңдап, тынысын ашу үшін қазір шеберханаға лайықты шағын болса да орын қажет. Шебердің осы бір қажетін жергілікті билік өтеп берсе, Бәкеңнің де жаңа бір тынысы ашылғандай болар еді…

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.