ҚАТЕРЛІ ДЕ ҚАСТЕРЛІ

20161017-04-1Жезқазған әскерилендірілген кен қатерінен құтқару отрядының (ВГСО) құрылғанына сексен жылдан асты. Осы уақыт аралығында ол құрылымдық жағынан қанша мәрте қайта құрылды, атауы да талай мәрте өзгертілді. Өзгермегені — төтенше жағдайға тосқауыл қоюшылардың қатерлі де қастерлі қызметінің сипаты. Қатерлі болатыны — олар апатпен арпалысады, қастерлі болатыны — жазатайым жағдайға ұшыраған адамға араша түседі, орын алған апаттың зардабын жояды.

Жезқазған әскерилендірілген кен қатерінен құтқару отрядының тамыры тереңде жатқан тағылымды тарихы бар.

1934 жылы Жезқазған кенішінде құрамында бірнеше бөлімшесі бар Жезқазған жедел жұмыстар взводы мен Жезқазғаннан 120 шақырым қашықтықтағы көмір шахталарына қызмет көрсететін Байқоңыр взводынан тұратын №10 тау-кен құтқару отряды құрылды. Кейінгісінің үш бөлімшесі Байқоңырда тұрды.

Бастапқыда екі взводта екі-екіден атарба болды, ауысымға алынған аттар 12 сағат бойы арбаның қасында қаңтарулы тұрды. Шахталарда апат орын алған жағдайда құтқарушылар аттарды арбаларға жедел жегіп, жөнелетін. Алғашқы екі автомашина отрядқа 1948 жылы алынып, екі взводқа бір-бірден берілді.

Тыныс алатын ауасы үш сағаттық «Дрегер-2» және екі сағаттық «КИМ-5» тұмылдырығын («респиратор» — улы газдан, шаң-тозаңнан тыныс жолын, көзді, құлақты қорғайтын құрал) пайдаланып келген отряд осы жылы жетілдірілген «Урал-1» тұмылдырығымен жарақтандырылды. 1995 жылы жедел бөлімшелерге техникалық жағынан кезекті қайта жабдықтау жүргізілді. «Р-12» және «РВЛ» оттегі аппаратының орнына барынша жетілдірілген «Р-30» және «Р-34» түрі қолданысқа енгізілді.

Отрядтың штабы мен жедел жұмыстар взводы бастапқыда сол кездегі №№12, 34 шахтаның әкімшілік-тұрмыстық корпусына уақытша орналасты. Кейін отряд осы ғимаратты басыбайлы иеленіп, 1963 жылға дейін пайдаланды. Ескі ғимаратта канализация болмағанын, су сырттан тасымалданғанын, пешпен жылытылғанын айта кеткен артық болмас. Соған қарамастан, кәсібіне шынайы берілген отряд жауынгерлері жанға жайлы жағдайды күйіттемей, жанқиярлық танытты. Бұл — кейінгі буын қастерлейтін-ақ қасиет.

Қазіргі отырған баспана төрт бөлімшеден тұратын тау-кен құтқару взводына арналып 1963 жылы типтік жобамен салынды. Отряд құрамы жыл өткен сайын ұлғая түсті. 1966 жылы кеніштерді депрессиялық суретке түсіретін топ ұйымдастырылды. 1968 жылы отряд құрамына Қарағанды жабдықтар жөндеу зауытының сатылы-сынақ стансасы алынды.

Отряд бірнеше рет қайта құрылып, ірілендірілді. Оның құрамында әр жылдары Байқоңыр взводы (1934-1953 ж.ж.), Қоңырат взводы (1944-1958 ж.ж.), Өспен взводы (1946-1959 ж.ж.), Жезді бекеті (1947-1973 ж.ж.), Қаражал взводы (1957-1964 ж.ж.), Ақшатау взводы (1958-1960 ж.ж.) болды. 1974 жылы ақпанда отряд құрамында газ бен шаңды талдау қызметі құрылды.

1973 жылы жедел бөлімшенің қатары жетіге жетті. Отряд ғимараты кеңейтілді. Қасындағы қазандық күрделі жөндеуден өткізіліп, газ бен шаң талдау взводына лайықталып қайта құрылды. Ал, сатылы-сынақ стансасы мен кенішті депрессиялық суретке түсіретін топ №51 шахтадағы әкімшілік-тұрмыстық корпусының ғимаратына орналастырылды.

Республика Түсті металлургия министрлігінің 1976 жылғы қаңтардағы бұйрығына сәйкес сол жылдың төртінші тоқсанында бірінші кен қатерінен құтқару взводы құрылып, екі жылға жетер-жетпес уақытта жедел бөлімше ретінде жедел взводтың құрамына қосылды. Сөйтіп, жедел взводта 9 бөлімше болды.

Жедел бөлімшелердің жемісті жұмыс істеуіне қалыпты жағдай қалыптастыру мақсатында 1980 жылы қызмет ғимаратын кеңейту және спорт залын салуға бағытталған құрылыс жұмысы жүргізілді. Отряд жеке құрамы қызметкерлерінің күшімен 1979-1980 жылдары автокөлік қоятын алты боксты жылытылатын гараж салынды.

1983-1988 жылдары отрядтың екі қабатты жаңа ғимараты, спортзал, жеті автокөлікке арналған жылы гараж, 1989-1991 жылдары бассейні бар монша-сауна қатарға қосылды. Спортзал қажетті құрал-жабдықпен толық жарақтандырылды. Ғимараттың қасында волейбол алаңы, ал отряд аумағында мини-футбол алаңы бар. Спорт құтқарушылар қызметінің құрамдас бөлігі десек қателеспейміз.

Қазір Мұқтар Байқоңыров басқаратын Жезқазған әскерилендірілген кен қатерінен құтқару отрядында екі взвод бар. Біріншісі, апат орын алған жағдайда шұғыл түрде діттеген жерден табылатын жедел іс-қимыл взводы, ал екіншісі газ бен шаң талдаумен шұғылданады. Кейінгісі «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің шахта-карьеріндегі шаң-тозаң мен газдың мөлшері қалыпты жағдайда болуын қадағалайды.
Жасыратыны жоқ, газ құрамындағы залалды зат шектеулі мөлшерден асып кетсе адам денсаулығына келтіретін зияны өз алдына, өндірісте апаттың орын алуына әкеліп соқтыруы да әбден мүмкін. Демек, олар төтенше жағдайға тосқауыл қоюмен айналысады десек артық емес.
Бұл қызмет күрделі әрі аса жауапты. Қалаған кәсіптің «майын ішкен» майталман маман болу үшін тәжірибені жылдар бойы тірнектеп жинауға тура келеді. Қызметтің қаншалықты қауіптілігіне қарамастан, тағдырын осы саламен байланыстырған азаматтар баршылық. Мәселен, бөлімше командирлері Федор Сердюк пен Рүстем Баекенов, механик Тұяқбай Машенов, взвод командирінің орынбасары Сансызбай Бұқанов, взвод командирі Әділомар Кәрбозов пен бөлім бастығы Атымтай Бабағұловтың әрқайсысы бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған. Бұлар — ұжым мақтанышы.

Ал, жедел іс-қимыл взводының командирі Қаныш Ыбыраев Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарып, елге оралған соң еңбек жолын осы отрядта бұдан ширек ғасырдай бұрын қатардағы жасақшыдан бастаған. 2009 жылы «Құрмет» орденін омырауына тақты. Отрядта келешегінен үміт күттіретін жастар жеткілікті. Солардың қатарында бөлімше командирі Серік Жақыпов, тұмылдырықшылар — Алмас Жарылғасов, Виталий Скакун, Жандос Дүйсенов, Нұрлан Смайылов бар.

— Біздің басты міндет — шахтада орын алған оқыс оқиғадан адамды құтқару, апаттың зардабын жою. Осында қызмет атқарғаннан бері небір жан түршігерлік жайды көруге тура келді. Оны еске түсіріп, айтпай-ақ қояйын. Арыстай азаматынан айырылған отбасына ол оңайға соқпас…
Негізінен кенішке қызмет көрсететін болғандықтан «Қазақмыс» қаржы жағынан қарасып тұрады. Арнаулы қызмет киімін алып береді. Апатты-құтқару құралының жиынтығынан тұратын «Спрут» әмбебап комплектісін сыйға тартты. Бұл біздің жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, сапасын арттыруға да ықпалын тигізіп отыр, – деп, өз ойын ортаға салды бізге жолбасшы болған Қаныш Ыбыраев.

Жезқазған әскерилендірілген кен қатерінен құтқару отрядының жеке құрамы құрылған кезінен бастап күні бүгінге дейін кеншінің өмірі мен денсаулығын қорғау күзетінде тұр. Олар орын алған апатты ауыздықтап, зардабын жояды. Осы бір қатерлі де қастерлі қызметте жоғары кәсіби біліктілік, жедел жәрдем мен әскери шеберлік көрсетіп келеді.

Әлібек ӘБДІРАШ. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.