Абылай хан ескерткіші құтты орнына қонды

Өткен аптада Жезқазған қаласында Алаштың айбыны болған Абылай ханның жаңғыртылған ескерткішінің жаңа тұғырға орнатылу салтанаты болып өтті. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 игілікті іс» акциясы шеңберінде өткен бұл шараға есімдері елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, тарихшылар мен ғалымдар және республикалық ақпарат құралдарының өкілдері арнайы келіп қатысты. Осы қуанышқа әкім Советбек Медебаев бастаған Сәтбаев қаласының бір топ зиялы қауымы да куә болды.

Мыс шаһарының батыс аймағындағы биік төбенің басынан орын тепкен Абылай хан ескерткіші бұл жолы өзінің құтты орнын тапқандай болды. Бұрын қала әкімдігі ғимаратының алдында көзге қораш болып көрінетін тас мүсін енді еңсесі көтеріліп, еліне биік төбе басынан қарап тұрғандай. Ескерткіштің ашылуына арнайы келген меймандар игі тілектерін білдіріп, осындай тамаша іске ұйытқы болып отырған Жезқазған қаласының әкімі Берік Әбдіғалиұлының атына алғыстарын да жаудырды.

– Тәуелсіздіктен асқан қасиетті күннің де, Тәуелсіздіктен асқан басқа дүниенің де болуы мүмкін емес. Сол Тәуелсіздікті ата-бабаларымыз армандап өтті. Сол жолда сан күрестерге шығып, жанын пида етті. Айналасында анталаған жауымен күресіп, елін, жерін қорғады. Сондай, жауларымен арбасып, ала да, шала да білген бабаларымыздың бірі – Алаштың айбыны болған Абылай хан бабамыз еді. Бүгін жезқазғандықтар исі қазаққа үлгі боларлықтай іс жасап, бабамыздың тас мүсінін төбе басына шығарыпты. Бұған елдің алғыстан басқа айтары жоқ. Тәуелсіздік тойына бұдан асқан тарту да болмас! Құтты орнына қонған бабамыздың тас мүсіні құтты болсын, ағайын, – деді салтанатты ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоқжан.

Бұдан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, қазақ өнерінің жарық жұлдызы Бекболат Тілеухан тебірене тұрып тілегін жеткізді.

– «Айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін» деген бұрынғыдан қалған аталы сөз екен, ағайын. Сіздердің мына тірліктеріңіз соның нақты дәлелі болғандай. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында ел болып тамаша іс тыңдырыпсыздар, құтты болсын. Кешегі қалың қазақтың басына қаралы күн орнаған ақтабан жылдарда елді бірлікке шақырып, жоңғар жауға бірігіп соққы беруге бастаған, ақыры жауын түре қуып, еліне бостандық әперген Абылайға қандай құрмет көрсетсек те артық етпес. Алмағайып тұста тарих сахнасына шығып, елінің бірлігі мен бейбітшілігін сақтауда дүйім елге танылған, қазақтың келешегінің берік іргесін қалаған тұлға бұл Абылай. Абылайдың қадірін білмегендер ел тарихының да қадірін білмес еді. Ал мынадай игі істен кейін кейінгі ұрпақ Абылайды білмей өседі дей алмаймыз, – деді ол ерекше бір сүйсініспен.

Ескерткіштің ашылу салтанатында Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Батырбек Мырзабеков сөз сөйлеп, осы салтанатқа арнаған жырын оқыды.

Бұдан соң ескерткіштің лентасы салтанатты түрде кесілді. Оны қию құрметіне «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының хатшысы, саясаттанушы Ержан Карин мен Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Өмірбек Мұқанов ие болды.

Ескерткішті ашуға арналған ресми салтанаттан соң жиналған жұртшылық С.Қожамқұлов атындағы сазды-драма театрының әртістері ұйымдастырған әдеби-сазды композицияны тамашалады.

Аталмыш іс-шараның соңы С.Қожамқұлов атындағы сазды-драма театрының ғимаратында өткен «Абылай хан және қазақ рухы» деген тақырыптағы ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.
Конференция барысында Астанадағы «Аманат» интеллектуалдық клубтың жетекшісі Берік Уәли Жезқазған қаласының әкімі Берік Әбдіғалиұлын ұлттық мүддені ұлықтауға қосқан үлесі үшін «Алаш аманатын арқалаған азамат» номинациясы бойынша марапаттады.

Түс ауа меймандар ұлт ұясы атанған Ұлытау ауданына аттанып кетті. Оларды Жезқазған қаласының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен Сәтбаев қаласының әкімі Советбек Медебаев бастап апарды.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.