Құдияр БІЛӘЛ АҚ пен ҚАРА

20161104-02-1Абай баласы Әбдіраxманды сынамақ болып: «Ақ түс жақсы ма, әлде қара түс жақсы ма?» деп сұрапты. Әбдіраxман: «Ақ түс» дегенде, Абай атамыз: «Қара түс! Адам баласы қайратты, күшті, қуатты кезінде шашы қара болады. Жас баланың шашы ағарып кетсе, онда әсемдіктен, әдеміліктен белгі де қалмайды. Ақ қағазға да xат қара сиямен түседі. Адам баласы өзі ардақ тұтқан қадірлі затын көзінің қарашығындай сақтайды. Сондықтан, қара түс жақсы» деген ыңғайда әңгіме айтады.

Сонда Әбдіраxман: «Сіз оны қалай білдіңіз?» деп сұрайды. Абай атамыз: «Мен оны ақылыммен, миыммен, санаммен білдім» дейді. Әбдіраxман: «Сіз сол ақыл-ой мен санаңыздың түсін қандай деп ойлайсыз?» дегенде Абай атамыз: «Ақ қой, ақ!» деп күлген екен.
Ақ пен қара. Мәңгілік текетірес. Аңыз әңгіме, ертегіде «қара» ылғи басым болып келеді де, соңғы сәтте «ақ» әйтеуір жеңіске жетеді. Мән берсек, адам баласы да осындай текетіресті, қайшылықты өмір кешеді. Сол арпалыспен өмір де соңғы межеге таяйды. «Өмір» атты майданнан таяғына сүйенген қария ілби басып шығып келе жатады. Бойында әл де, күш те, қуат та қалмаған. Сақал-шашы әппақ. Демек, ол өмір майданында жеңіске жетті. Қарадан ақтың үстем тұратынын дәлелдеді.
Сондықтан, ол ағарған шаш пен сақал Алла алдында да қадірлі. Соған орай дінде қартты құрметтеуге барынша мән беріледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Жас адам бір қарттың жасына қарап құрмет көрсетсе, оның жасына барғанда Аллатағала оған да жастарды құрмет еттіреді» деген. Алайда, қарттыққа жасалар құрметте оның дәрежесі мен байлығы қаперге алынбауы тиіс. Ондай алалау соңы Алла тарапынан лағынеттелуге ұласып кетуі мүмкін. Дінде жасы келген адамға оның кім болғанына қарамастан құрмет көрсетіледі.
Иә, біз де қартты қазына көріп, құрметтейміз. Біздің ақ шашты күміске балайтынымыз бар. Шынтуайтына келгенде, ол — нұр ғой. Алланың нұры! Қарттың қазына болатыны содан. Алла нұрдың материалдық көрінісінің өзін құрмет биігіне көтереді. Ал, ішкі әлемі, жүрегі нұрлы жан жасына жетпей-ақ әлгі қарттың қатарында төрден орын алады.
Тек қарттық қадірін түсінбей, шашты өмірін босқа өткізген кей шал секілді күнге ағартып алмасақ болғаны…

Әзірлеген Әлібек Әбдіраш.

Комментарии закрыты.