Келелі пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды

Үстіміздегі жылдың 2-4 қарашасы аралығында Сәтбаев қаласында Қарағанды облысы әкімдігінің, ҚР Инвестициялар және даму Министрлігі мен БҰҰ-ның Қазақстанда даму Бағдарламасының қолдауымен энергия үнемдеу және қалалардың тұрақты дамуы форумы болып өтті.

Форумның мақсаты – энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру саясатын іске асыру, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және инвестициялар тарту, тұрақты қала құрылысы үшін диалогтық және демонстрациялық алаң құру.

20161104-01-1

Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш форумның Сәтпаев қаласында өтуі кездейсоқ емес. Өйткені, кеншілер қаласы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы көптеген жобаларға пилоттық ауданы болып табылады.

Форумға ҚР Парламенті депутаттары, ҚР министрліктері мен ведомстволарының, жергілікті атқарушы органдарының, даму институттарының, халықаралық ұйымдар мен қорлардың, бизнес ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Сәрсенбі күні қала әкімінің орынбасары Болатбек Жақсыбаев бастаған арнай топ форум қонақтарын Жезқазған қаласындағы әуежайдан қарсы алды. Сол күні Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов меймандарды қабылдап, форум аясында өтетін шараларды пысықтады.

Бұдан соң форумға қатысушылар №16 орта мектеп пен жастар ресурстық орталығында жас көшбасшылар мен еріктілер кездесуін өткізіп, еріктілер қызметі туралы семинар және шеберлік-сыныптар өткізді.

Бейсенбі күні қала әкімдігінің мәжіліс залында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мамандар үшін техникалық семинар өтті. Шара барысында қатысушылар энергия үнемдеу технологияларын енгізу және тұрақты дамуту туралы практикалық мысалдарға шолу жасап, ақпарат алмасты.

Форум бүгін Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Энергия үнемдеу және қалалардың тұрақты даму саясатының мүмкіндіктері және болашағы» деген тақырыпта өтетін конференциямен түйінделетін болады.

Конференция барысында, негізгі спикерлер мен Форумының ресми қонақтары тұрақты бірыңғай даму принциптерін іске асыру үлгісін дамыту мақсатында қолданыстағы қалалардың инфрақұрылымдарын жаңғырту жайлы ең өзекті мәселелерін талқылайды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.