Сырдың сымбатты,қырдың құрметті азаматы

Әңгіме аймаққа өте танымал азамат Бозтай Аяпбергенов туралы.

Бұл кісінің атағы кеншілер қаласына ертеректен танымал болса да, мен Бөкеңмен танысып-білісіп жолыққан емеспін, істеген жұмыстарына сырттай риза болып бір көріп жолығуға, танысып кездесуге ынтық  болып жүретінмін.

Бір күні әріптесім Борис Алексеевич Лыков деген облздравтың басшысы  телефон соғып:

– Өмірбек Мұқанұлы, сіз жұмыс орныңдамысыз? Бір танымал да аяулы азамат шаруасымен кабинетіңізге кіріп, жолықпақшы, – деген болатын. Көп кешікпей түрі беймәлім кісіні ертіп Лыков кірді кабинетке.

– Танысыңыз, бұл кісі Бозтай Аяпбергенұлы, – деді Борис Алексеевич.

Танысу, сырласу әңгімеміз ұзаққа созылып кеткенмен, бұл кездесу өте мәнді де маңызды болды. Тағы бір тамаша азаматпен танысқаныма мен өте риза болдым. Оған қоса екеуіміз бірімізбен біріміз ертеден таныс адамдай көптеген мәселелерді әңгімеге арқау еттік. Ең негізгісі – бір жылы туған төл болдық, демек, оның менен бірнеше айдай кішілеу болуы біздің қалжың әңгімемізге арқау болатын болды.

Әңгіме соңында Бөкең бет алып келген шаруасының жағдайын айтты. Тек айтып қана қойған жоқ, дауысы дірілдей, көзіне жас алып, өтініші мен мұң-қайғысын айтып жалынғандай болды:

– Өмеке, сіздердің ауруханаларыңыздың бірінде жан сақтау бөлімінде ер жетіп, азамат болып қалған Амангелді деген сүйікті ұлым жатыр. Соны көріп, қол көмегіңіз бен ем көмегіңізді көрсете ме деп келіп отырмын, – дегенде жанындағы біздердің де көңіл-күйіміз өзгеріп, Бөкеңнің уайымына ортақ болдық.

Сол күннен бастап Амангелді бақи дүниелік болғанша жанында бақылауда болып, өзімнің дәрігерлік парызымды атқардым.

Бірақ, бүгінде медицина көптеген жағдайларда дәрменсіз екенін дәлелдеуге тура келеді. Одан кейін де біздің кездесулеріміз жалғасып жатты. 2003 жылы «Сәтбаев қаласы және сәтбаевтықтар» деген кітабымды жазарда ол кісімен ұзақ уақыт сөйлесіп, өмір, еңбек жолымен тереңірек таныстым.

Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Бозтай Аяпбергеновтың жүріп өткен жолы кеншілер қаласының дамып, өркендеуіне, қалыптасуына, көркеюіне ғана арналған деп тұжырымдауға болады. Бөкең кешегі Кеңес үкіметі жылдарында кеншілер қаласындағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын басқарып, көпшіліктің көңілін тапқан басшы. Бөкеңнің қабылдауында болғандар: «Аяпбергеновтың алдында болғандар әр уақытта мәселесін шешіп қайтады» дейді екен. Бөкең талай үлкендердің батасына бөленген басшы.

Ұлы нәубет ашаршылық жылы Сырдария бойында дүниеге келіп, соғыс жылдарында талай қиындықтарды басынан өткізді. Ерлер қолына қару алып Отан қорғауға кеткенде, бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған Бозтай солардың ауыр жұмыстарын атқарды. Оны көрген ауыл қарттары жас баланың болашағынан үлкен үміт күтетін. Ол қатарларының арасында еңбекқор, елгезек те мейірімді жан болып, жастарға қамқоршы бола алды. Әкесі Аяпбергеннен айырылғанда өмір оған ауыр жүктерді артып, ерте есейтті. Отбасында Бозтай балалардың ең үлкені болған соң басқаларын да өз қамқорлығына алды. Жас та болса бас болып Ұлы Отан соғысының Жеңісіне теңізге құйған бір тамшыдай өз үлесін қосты. «Тыл ардагері» деген атаққа ие болды. Өзі оқыған мектепте мұғалім болып балаларды оқытып, ағарту саласына да үлес қосты.

Әр адамның алдына қойған бір арманы болады. Бөкеңнің ойындағы мақсаты – кенші болу болатын. Комсомол жолдамасымен жаңа бой көтеріп жатқан Жезқазған қаласына қоныс аударды. Міне, оған да биыл 55 жыл болған екен. Алғашқы жұмыс орны «Покро» шахтасы болды, Социалистік Еңбек Ері Мұхит Бөпежановтың қарамағында жұмыс істеп, түпсіз терең жер астына алғаш түскен де Бөкең болатын. Оның кен бұрғылау саласындағы мамандығындағы ұстаздары К.Салықов, Д.Ешпанов болғанын Бөкең мақтанышпен еске алып отырады. Өзінің еңбек жолында Рудниктегі барлық алып шахталарда еңбек етті. Комбинат басшылары жаңа қаланы дамыту жолында Бозтайды тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына бастық етіп тағайындады. Осы жұмыста жүріп бірнеше рет поселкелік, қалалық кеңестердің депутаты болып сайланды. Осы жарты ғасыр бойы Сәтбаев қаласындағы атқарған жұмыстарынан алған марапаттары сан алуан. Оның ең бір негізгісі – қала тұрғындарының бұл азаматқа деген құрметі.

Бөкең – кеншілер қаласындағы сыйлы азаматтардың бірі. Бөкеңсіз тойлары  өтпейді, дастархан жайылмайды, дәмге бата қайырылмайды. Сәтбаев қаласының сыйлы да құрметті азаматы – жарының тірегі. Жары Күләш менің құрдасыма сай. Олар отырған уақытта тойдың, жиынның сәні сияқты.

Бірер ай бұрын Бөкең сексеннің сеңгіріне де шығып, жерлестерін бір қуантып тастады. Соңғы кезде біздің кейіпкеріміз ауру-сырқаулау болып көпшілік көзіне түсіңкіремей жүр. Ол меніңше уақытша. Бөке осы өмірде талай қиыншылықты жеңген жан, аздаған ыңқыл-сыңқылды да жеңеді деген ойдамын.

Әңгіме соңын Бөкеңе арналған Шынболат Ділдебаевтың бір шумақ өлеңімен аяқтайын:

Ешкімнің айтқанына жасымаған,
Бірақ та биікпін деп тасымаған.
Қырда өскен, сырда туып ел ардағы
Шыңдалған шыңырауда алып адам.

Өмірбек Мұқанов, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.

Комментарии закрыты.