Алғыс дәмету

Даналығымен танылған қарияны көрші ауылдан келген адам:
– Дастарханнан дәм татыңыз, – деп, қонаққа шақырады. Қария қарсы болмай, құп алады.
Әлгі үйге барып, тамағынан тоя жеп, орнынан тұруға ыңғайлана бергенде, үй иесі таңырқаған кейіппен: «Оу, ақсақал! Мен сізге арнайы дастархан жайдым. Маған айтар алғысыңыз жоқ па?» дейді.
Қария: «Сіз алғыс айтуға емес, дәм татуға шақырып едіңіз ғой?!» деп, үйден шығып кетеді. Мұндай жауапты күтпеген үй иесі, қариядан есе қайтармақ болады. Оған қалай да алғыс айтқызуға бекінеді.
Бірде жаңбыр қатты жауып тұрғанда әлгі қария үйге кіріп келіп: «Маған қолшатырыңызды бере тұрасыз ба?» дейді. Үй иесі сәті түскен мүмкіндікке қуанып, сыпайы түрде, қарияға шатырын ұстатып жібереді. Осы жолы міндетті түрде алғысын аламын деп ойлайды. Бірақ, қария қолшатырды шәкіртінен беріп жібереді. Ол ештеңе айтпай кете беріпті.
Араға бірнеше күн салып қариямен бір үйде дастархандас болып қалады. Мәселені шешетін уақыт келді-ау деп, әңгіме бастайды: «Өткендегі қатты жаңбырда суық тиіп, сырқаттанып қалмадыңыз ба?». «Жоқ, аурудан аманмын. Қолшатырыңызды шәкіртімнен беріп жіберген едім, алған боларсыз?».
«Иә, алдым. Ұмытпай жібергеніңізге рахмет!» дейді де, қария емес, өзі алғыс айтып отырғанын байқап, іштей ашуланады. Қария оның бетіне қарап, күлімсіреп отыра береді. Одан әрі шыдамаған әлгі адам: «Оу, қария! Сізді де дана дейді-ау ел! Қаншама жақсылық жасадым, сонда бір рет те рахмет айтуға жарамадыңыз!» деп, шамданып қалады.
Сонда қария былай деген екен: «Мен ешқашан жақсылығыңызды ұмытқан емеспін, алғысым мен ризашылығымды ұдайы ішімнен айтып отырамын. Егер адам жасаған жақсылығына алғыс дәмететін болса, онысы жалған болып шығады. Жақсылықтың ақысына елдің ризашылығын не алғысын дәметпеу керек. Жақсылық жасаған кездегі қуаныш жеткілікті. Жақсылықтың негізі – осы. Егер ақысын күтсе, өзін-өзі алдаған болды. Адам болмысы мақтансүйгіш әрі менмендеу келеді. Жақсылықты жеке мақсатқа сүйеніп жасау — қателік. Егер алғыс дәметпей жақсылық жасаса, ешкімнен ешқашан көңілі қалмайды».

Әзірлеген Әлібек Әбдіраш.

Комментарии закрыты.