Рейтинг бойынша екінші орындамыз

Қала әкімі Асқар Ыдырысовтың төрағалығымен өткен кезекті кеңейтілген аппараттық жиында қаланың қысқа әзірлігі мен жылу беру маусымының өту барысы, жылу мен электр энергиялары шығынын болдырмаудың жай-жапсары, білім беру саласына жаңа үрдістерді енгізу кеңінен сөз болды.Аппараттық жиын жағымды жаңалықпен басталды. Қала әкімі Асқар Ыдырысов өткен аптада аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша облыс әкімдігінің отырысы өткенін, онда біздің қаламыз облыс қалалары мен аудандары арасындағы рейтингтік көрсеткіш бойынша екінші орынды иемденгенін айтып, жұртшылықты құттықтады.
Қала басшысы сондай-ақ, қараша айының 2-сі мен 4-і аралығында қаламызда «Энергия үнемдеу және қалалардың орнықты дамуы» атты тақырыпта республикалық форум өткенін, аталмыш форум аясында ауқымды шаралар ұйымдастырылғанын, оның форум қонақтарына үлкен әсер қалдырғанын, жалпы бұл форумның қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен ықпал ететінін де жеткізді.
Бұдан соң аппарат жиыны күн тәртібіндегі мәселелерге көшті. Алғашқы болып сөз алған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Досбол Мейірбек қаламыздағы жылу беру маусымының өту барысы жайлы егжей-тегжейлі баяндады. Оның сөзін қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының басшысы Еркін Жұмабеков, жылу-энергетика кәсіпорнының техникалық бөлім басшысы Біржан Қараев және электр желілері кәсіпорнының басшысы Виктор Сотников толықтырды. Олардың айтуынша, қаламызда жылудан да, су мен жарықтан да іркіліс жоқ. Маусымдық жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр.
Десек те, шешімін күткен мәселелер жоқ емес. Бұл, әсіресе, жылу шығынының орын алуы. Көптеген пәтерлер мен көп қабатты үйлерде жылу есептегіш құралдар орнатылмаған. Ыстық суды ысырап етушілер де бар. Аула шамдары күндіз де жанып тұратын көшелер кездесіп қалады. Асқар Абылайұлы осы жайттарды жіпке тізе келіп, салаға жауапты мамандардан оның себеп-салдарын сұрап, мәселелерді мейлінше тиімді шешуді тапсырды.
Аппараттық жиында сондай-ақ, автокөлік жолдарының қысқа әзірлігі, қыстың қарлы күндері мен көктайғағынан сақтану шаралары, қоғамдық көліктердің тоқтаусыз жүруін қамтамасыз ету мәселесі де жан-жақты сөз болды.
Алқалы жиынның күн тәртібіндегі тағы бір келелі мәселе қалалық білім беру мекемелеріне жаңа үрдістерді енгізудің жай-жапсары болды. Бұл жайында қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Ирина Беткер сөз қозғады.
Оның айтуынша, қала­мыздағы білім беру мекемелері үстіміздегі оқу жылынан бастап жаңаша жұмыс істеу тәсілдеріне көшіріле бастаған. Қазір мектептерде түрлі жаңа пәндер оқытылуда. Бастауыш сыныптар бес күндік оқу жүйесіне көшкен. 2019 жылдан бастап үш тілде оқыту пилоттық жоба ретінде енгізілмек. Осыған орай, мектептерде әзірлік жұмыстары қолға алынған. Мұғалімдердің біліктілігін көтеру, мектептердің материалдық базаларын нығайту жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Қала басшысы осы айтылған мәселелерге орай өзінің де пікірін білдіріп, жұмыстарды ширата түсуді тапсырды.
Аппараттық жиынды қоры­тындылаған қала әкімі Асқар Ыдырысов күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты қадау-қадау тапсырмалар берді. Ал, олардың орындалысын қадағалауды өзінің орынбасарлары мен жауапты бөлім басшыларына жүктеді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.