Ана мен бала денсаулығы үшін

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты  Қазақстан халқына Жолдауында ана мен бала денсаулығын нығайтуға бірігіп күш салуды мақсат етіп қойып отыр. Елбасы жүктеген міндеттердің қаламызда қалай іске асырылып жатқаны жөнінде әлеуметтік сала бөлімінің бастығы Гүлмира Таңсықбаевадан білген болатынбыз.

– Гүлмира Өміртайқызы дені сау отбасы – қоғамның байлығы демекші, ана мен бала денсаулығының сақталуы бойынша сіздердің бөлімдеріңіздің тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?

– Жоғарыда аталған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңына сәйкес, Қарағанды облысы әкімінің 2008 жылғы 30 желтоқсандағы және Сәтбаев қаласы әкімінің шешімдерін орындау мақсатында ана мен бала өлімінің алдын алу және азайту бойынша қалалық Штаб құрылып, жұмыс атқаруда.  Ай сайын қалалық штабтың отырыстары өткізіледі. Ана мен бала өлімін қадағалайтын мониторинг пен отырыстың хаттамасын біздің бөлім жүргізіп отырады.

– Енді осы штабтың жұмысына тоқтала кетсеңіз?

– Штаб жұмысын жүйелендіру бойынша штаб мүшелері әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балалары бар әйелдердің үйлеріне аулааралық тексеріс  жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, штаб жұмысының тағы бір бағдары – жаңа туған сәбилер мен олардың аналарын құжаттандыру. Осылайша өткен жылы 7 жаңа туған нәресте мен 2 ана өз құжаттарын штаб мүшелерінің ұсынысы арқылы қалпына келтірді.

– Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсу үшін штаб қандай мекемелермен тығыз жұмыс жүргізеді?

– Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар арасындағы фертильдік жастағы әйелдерді контрацепциялармен қамту және үй жағдайында баланың өмірге шетінеп келмеуін қадағалау мақсатында штаб кәмелетке толмаған балалардың істері жөніндегі топпен, қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімімен, ішкі істер бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша тобының инспекторымен, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен, сондай-ақ, отбасылық-дәрігерлік амбулаториялармен тығыз байланыста жұмыс атқарады.

– Жалпы ана мен бала денсаулығына көп көңіл бөліну керектігін Елбасы жылда Жолдауында баса айтады. Біздің қалада осы бағыттағы жұмыстардың қалыпты жүріп жатқаны белгілі. Алдымызда келе жатқан ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында қандай іс-шаралар атқарылуда?

– Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Президент жанынан құрылған әйелдер ісі және  отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның «20 жылдыққа – 20 саябақ» жобасының аясында қалалық перзентхананың алдында «Ана мен бала» саябағы ашылды. Одан кейінгі тағы бір атқарылған іс – қиын жағдайға түсіп, көмек қажет ететін аналар мен балалар үшін «Шаңырақ» орталығы ашылды. Мұнда оларға психологиялық және заңдық тұрғыдан көмек көрсетіледі.

Ана мен бала денсаулығын жақсарту қоғамның басты міндетіне айналып отыр. Сондықтан да бұл мәселеге қоғам болып, ел болып атсалыссақ жақсы болар еді. Себебі, өмірге келетін әр нәресте еліміздің ертеңгі болашағы.

Әңгімелескен Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.