«Күз түсіп келеді далама»

Өткен аптаның соңын ала қаламыздағы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында еңбек ардагері, кенші, ақын Жақсылық Омаровтың асқаралы 60 жасқа тоуына орай жарық көрген ақынның «Талтүс» атты кітабының тұсаукесері болып өтті. Кешке ақынның қос қуанышына құтты болсын айта келген ел ағалары, Арқаның арқалы ақындары мен өлең десе ішкен асын жерге қоятын жыр сүйер қауымы жиналды.

20161111-01-1

Тұсаукесер кеш демесеңіз, Кеншілер сарайының кең залын өлеңмен өрнектеп, әнмен әспеттеген тамаша жыр кеші болды. Сахна шымылдығы Жақаңның «Тәуелсіздік тойы» атты толғауымен түрілді. Оны Шынболат Ділдебаев атындағы жыршы-термешілер мектебінің тәрбиеленушісі Дәуіржан Жапаров тамылжыта шырқап берді. Бұдан кейін сахнаға қос қуаныштың иесі Жақсылық Омаров шығып, өзінің сиясы кеппеген кітабынан жырларын оқып, жұртшылыққа ризашылығын білдірді.

Жыр кешінің тізгінін қолына ұстаған ұлағатты ұстаз, ақын Аманкелді Бұқар қара сөзден қаймақ қалқи отырып той әрін аша түсті. «Ақынын әкімі іздеген ел озады, әкімін ақыны іздеген ел тозады» дей келіп, ол тойдың беташар сөзін қала әкімінің орынбасары Болатбек Жақсыбаевқа берді.

Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш кітаптың жарыққашығуыментұсауының кесілуіне қала әкімдігі тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Салтанат үстінде де қала әкімінің ақжарма тілегін жеткізген оның орынбасары ақынның иығына оқалы шапан жауып, қошемет көрсетті.

Алпыстың иесін, «Талтүстің» иесін құттықтаушылар легі аз болған жоқ. Қанаттас жатқан қос қаладағы қаламдастарын айтпағанда, өзі туып, кіндігін кесіп, кірін жуған кенді қала – Кентау өңірінен де тілектерін бейнетаспаға түсіріп жібергендер болды. Солардың бірі Жақсылық Омаровтың бала күннен бірге өскен досы, Оңтүстік Қазақстан облысы сазгерлер одағының төрағасы, облыстық телеарна директоры Айжігіт Асанов деген азамат. Ол өзінің жүрекжарды тілегімен қоса өзі жазған әнін де жолдады.

Жыр жинағының тұсаукесер кеші болғандықтан, салтанатта ақынның сиясы кеппеген өлеңдері де оқылды. Өлеңнің өміршеңдігі оның жас ұрпақтың жүрегінен орын алуында, санасында жатталып қалуында. Жақсылық ақынның «айналасы жұп-жұмыр» жырлары өлеңсүйер жастардың жүрегінен мәңгілік орын алғанын осы кеште аңғардық. С.Сейфуллин атындағы гимназияның 4 оқушысы ақынның өлеңдерін жатқа оқып, жұртшылыққа жақсы бір әсер сыйлады.

Бұл сәйкестік пе, қайдам, Оңтүстік Қазақстанда туған Жақсылықтың еңбек жолы да Оңтүстік Жезқазған кенішінде, алып шахта – 65-те өрілді. Осы шахтада «мен» деген мықты кеншілердің бірі болды. Осы қуаныш кешіне осы кеніштің кәсіподақ ұйымының төрағасы Абзал Жаңабергенов пен Сәтбаев қаласы мәслихатының депутаты Иманбай Бралин арнайы келіп, кенші, ақын Жақсылық Омаровтықұттықтады. Оларды «Қазақмыс» корпорациясы ардагерлер кеңесінің төрағасы, кенші әрі ақын Өмірбек Сартов бастап шықты.

«Ақынды ақын сүйемесе болмайды, ақынды ақын күйелесе сол қайғы» деген қағиданы ұстанған сәтбаевтық ақындар мұндай кешті әсте құр жіберген емес. Бұл жолы да жыр кешіне арнайы келген Жақаңның жыр кемесіндегі серіктері, қаламыздағы «Шындық» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшелері Мұса Тілеуов, Мағзұм Омаров, Мәуия Бекмағамбетова және Майра Жаппасбаева сөз алып, ақынды қос қуанышымен құттықтап, иығына шапан жапты.

Толассыз тілектер легінен алыстан арнайы ат арылтып жеткен меймандар да қалыс қалған жоқ. Сахна төріне көтерілген Жақаңның ағасы Мұқан Абдраманов бауырының жыр кешін осылай арқа-жарқа өткізіп жатқан Арқа жұртшылығына алғысын айтып, інісіне жүрекжарды тілегін жеткізді.

Жыр кешінде әуелете әндер шырқалып, жүрек қылын шертер жырлар оқылды. Осылайша ақын жүрегіне түскен күзді ерекше бір жылылықпен жұмсартып, жұртшылыққа да сондай бір тамаша әсер сыйлады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.