КӨШПЕЛІ КӨРМЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Ұлы дала елінің қаһарман батырлары» тақырыбында көшпелі көрме ұйымдастырылды. Оған Сәтбаев қаласы мәдени-сауық орталығы мұрындық болды.

Көрменің негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, туған жер мен оның құндылықтарына деген сүйіспеншілік тудыру.

Көрме негізінен үш бөлімнен тұрады. Оның бірі Кетбұқаға арналса, бір бөлімі Қазақ хандығының құрылуынан сыр шертеді. Ал, үшінші бөлімі Қазақ елінің қалыптасу тарихында өзіндік орны бар Бұланты шайқасын, осы жолдағы Арқа батырларының ерлігін көз алдыңызға әкеледі.

Көшпелі көрмені ұйымдастыруға «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Қ.Сәтбаев мұражайы» үлкен көмек жасады. Осы мұражайдың басшысы Кенжал Балкенов көрмені дайындау үшін мұражайдың экспозиция залдарынан ең маңызды деген мәліметтерді топтастырды.

Көрменің ашылуына қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен мектеп мұғалімдері, Бұланты шайқасына қатысқан Арқа батырларының ұрпақтары қатысып, өздерінің игі тілектерін жеткізді.

Көрме 11 қараша мен 15 желтоқсан аралығын қамтиды. Осы күндері қала мектептерінің оқушылары, қала тұрғындары көрмеге келіп, тарихи оқиғалармен, сол оқиғаларға қатысты жәдігерлермен таныса алады.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.