Дүние-айна

Ерте, ерте, ертеде… Бір сұлтан зәулім сарай салдырыпты. Ішінен айнадан арнайы бөлме аштырады. Тіпті, бөлменің едені мен жоғары жағына да айна қойдырады.

Бір күні сарайдың ішіне байқаусызда сұлтанның иті кіріп кетеді. Ит жаппай айна қойылған бөлмеге кіріп, аң-таң болады.

Айналасындағы қаптаған итті көріп, не істерін білмей, бір орында қалшиып тұрып қалады. Жан-жанының бәрінен ит тесіліп қарап тұр.

Ол өзінің қорыққандығын сезіндірмеу үшін жай ғана тісін ақситып қойды. Бұл оның «бөтен итті» қорқытпақ болған түрі еді. Оған қарап тұрған ит те тісін ақситты.

Бұл одан сайын жынданып, ырылдап, айбат шегуге көшті. Аналар да қалыспай, ырылдай бастады. Амалы таусылған ит үріп қорқытпақ болып, барынша дауыс көтеріп үрді. Оған қарап тұрған «иттер» де одан қалыспай үре берді. Ол қанша үрсе де әлгілерді тоқтата алмады.

Таңертең сұлтан айнаға қарамақ болып бөлмеге кіргенде итінің аузы көпіріп өліп жатқанын көрді. Бөлмеде жалғыз иттен басқа жанпенде жоқ. Шын мәнінде, итті ешкім қорқытпады, оған қарсы ешқандай ит үрген де жоқ. Ол бар болғаны өз-өзіне айбат шегіп, өз-өзімен арпалысып өлді.

P.S. Міне, дәл осы сияқты ішіңдегі көп кедергіден сүрінбей өтсең, сырттағы кедергі соншалықты қиындық тудырмайды. Өзің қандай болсаң, айналаңдағыны да солай көресің. Дүние — іштегіні көрсететін айна екенін ешқашан естен шығарушы болма.
Әзірлеген Әлібек Әбдіраш.

Комментарии закрыты.