ҚҰЛАҚҚА «КЕСПЕ» ҚЫСТЫРУ

Мұның мән-мағынасын бүгінде білмейтін адам аз. Кейбіреу: «Құлақтан тебу» деп жатады. Екеуінің айырмасы: болған жайды кімнің, қалай қабылдауында. Алайда, қалай айтылса да, астарындағы аусары онша өзгермейді: құлықсыздың қулығы. Демек, тәсілін тауып, тақырға отырғызады. Онысына өзге өкпелемейді. Себебі? Сендіреді!

Мақалаға неге мұндай тақырып қойғанымды майдалап жеткізгенше, әңгімені сәл әріден бастасам…

Бұдан үш жыл бұрын жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорнының тұрғын үй-коммуналдық цехы (ТКЦ) адамымен, асай-мұсайымен «Сәт-Тазалық» ЖШС қарамағына өтті. Алдында қызметкерлері аула-ауланы аралап, тұрғындармен тілдесіп, түсінік-үгіт жүргізген сыңай танытқанымен, мәселе оған дейін-ақ кеңседе шешіліп қойғанын сездік.

Тұтынушыға керегі — қызметтің сапасы. Сосын — қалтасы көтеретін ақысы. Арғы жағына басы ауырмайды: үйіне жылу мен су келіп тұрса, болды! Көлденеңнен қосылған компанияның кез-келгені: «Жарылқаймыз!» деп жар салатыны бесенеден белгілі. «Сәт-Тазалық» та сөйтті. Бірақ, сөзінде тұрмады. «Пайдалану шығынын» бірден бірнеше есеге қымбаттатып жіберді.
Өзім қоқыс тасымалына қатысты қызметінен басқасын «Құлақтан тебу» деп қабылдап, ақы төлеуден бас тарттым. Ай сайын ескертеді. Соңғысының сиқы бөлек: «қарызыңнан құтылмасаң, сотқа беріп сорыңды қайнатам!» дегенге саяды. Сотқа дейін «сілкілесіп» алмаққа, кеңсесіне бардым. Басшысы жап-жас, жұқалтаң қазақ жігіті екен (бүгінгі басшысы басқа — авт.).
«Қандай құжатқа сүйеніп қорқытасың?» деймін ғой баяғы. «Тұрғындармен арадағы келісім-шарт негізінде» дейді анау. «Қайдағы келісім-шарт? Мен ондайға қол қойған жоқпын». «Тұрғындар үшін сол үйдің «страшийы» қол қойған».

«Айналайын-ау, мен үшін біреу жауап беретіндей, жатақханада жатпаймын ғой?». «Жалпы жиналыста сайлаған өздерің»…
Тіл табысар түр жоқ. Екеуміз екі ұлттың өкіліндей өңмеңдейміз. Сосын: «Жақсы! Онда жалпы жиналыстың хаттамасын көрсет» дедім. Жоқ болып шықты. «Ендеше, әлгі «страшийыңның» аты-жөні мен пәтерін айт!». «Ол — коммерциялық құпия» деп, қарап тұр. «Онда ақыңды сот арқылы аласың. Ал, көрінген жерге тағы ескерту қыстырып кетсең, бопсалағаның үшін сені сотқа өзім беремін» деп, шығып кеттім.

Содан екі жылдай жым-жырт болды. Не ойлағаны барын қайдам, әйтеуір тым-тырыс. Биыл жазда тынымсыз тірліктің қамымен «Сәт-Тазалық» кеңсесіне тағы бардым. Басшысы — басқа. Бұйымтайымды айттым. Алдындағы мониторға қарап отырып: «Пайдалану шығынын» төлемегеніңіз қалай?» деді. Жоғарыдағы жайды айтып бердім.

«Қайдағы коммерциялық құпия?» деп, «пайдалану шығынынан» түсетін тиын-тебен қайда жұмсалатыны көрсетілген қағазды қолыма ұстатты. Шыны керек, қысылып қалдым. Жертөледегі құбыр жаңартылғалы су жақсы келетінін, сенек апта сайын сыпырылып тұратынын, кейінгі кезде өзім де ойланып жүргенімді айтып, «ақталып» жатырмын. Қысқасы, жаздан бастап қарызымды қайтаруға кірістім.

Бірақ, айтпағым бұл емес. Таяуда пәтердің дымтартпасын (отдушина) тазартуға өтінім берейін деп ТКЦ-ға бардым. Өзін «өндірістік шебер» деп таныстырған келіншек: «Жазда болмаса, қазір бізде «допуск» жоқ» деп, қысқа қайырды. Үйдің дымқыл тартып, сыздануы, әсіресе, кішкентай балаға қиын екенін айтып «Сәт-Тазалық» басшысына телефон соқтым.

Мың болғыр: «Бір мүмкіндігін қарастырамыз!» деді. Содан бір күні қасына қызметкерін ертіп ТКЦ бастығы келді. «Адам жетіспегесін өзім келіп тұрмын» деген ол, өндірістік шеберден естігенімді қайталады. Қызық кешке келіншегім жұмыстан келгесін болды. «Құдай саған тілден басқа түк бермеген» деді де, күйеубаласын шақырды. Екеуі ас үй мен жуынатын бөлменің дымтартпасынан екі шелек қоқыс алды…
Қысқасы, көзіміз ашылды.

Алайда, кім кімнің құлағына «кеспе» қыстырғанын немесе «құлақтан тепкенін» айыра алмай, өзім алаңдап жүрмін. Бәлкім, жауабын «Сәт-Тазалық» ЖШС басшысы Әділхан Әметов, әлде ТКЦ бастығы Сәрсен Мыңжасаров білер?

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.