Сертификаттар тапсырылды

20161118-02-1«Денсаулық – зор байлық» десек, сол байлықтың қадірін басымыз ауырып, балтырымыз сыздамайынша білмейміз, бағаламаймыз. Дәрігерлер «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді де құлағымызға құйғанымен, оған да енжар қараймыз. Өзге жұрт емханаға ауырмай тұрып келсе, біздің қазақ төсекке таңылуға шақ қалғанда келетін дағдысынан әлі айыға қойған жоқ. Дегенмен…

Бүгінде өз денсаулығын нығайтып, өмір сүру жасын ұзартамын деген жандарға барлық мүмкіндіктер жасалуда. Осы бағытта мемлекеттің арнайы бағдарламалары да бар. Соның бірі – емханаларда «Денсаулық мектептерін» ашу. Бұл жаңа үрдістен кеншілер қаласының емдеу орындары да қалыс қалған жоқ. 2012 жылдан бері қалада денсаулық мектебі жұмыс істейді.
Денсаулық мектебі дегеннің өзі не? Ол – пациенттер мен тұрғындарға топтық ықпал жасаудың ауру қауіп-қатерінің мінез-құлықтық факторлары дамуының алдын алу бойынша білімділік, ақпараттылық және практикалық дағдылар деңгейін арттыруға бағытталған әдіс-тәсілдерінің ұйымдастырылған жиынтығы. Ауру түрлерінің пайда болуы мен даму шарттарын жоюға, денсаулықты сақтау мен нығайтуға, физикалық белсенділік пен дұрыс тамақтануды арттыруға бағытталған бастапқы профилактиканың бұл түрі пациентке денсаулық сақтаудың бастапқы звеносында көрсетілетін топтық консультация берудегі медициналық профилактикалық қызметтің бір түрі болып табылады.

Біздің емханада осы бағытқа негізделген 9 мектеп жұмыс істейді. Жыл басынан бері мұнда 6138 адам оқып, бітіріп шыққан. Бұл емханаға тіркелген халықтың 16 проценті.

Бір ерекшелігі, 2016 жылдың қазан-қараша айларынан бастап алғаш рет денсаулық мектебін бітіргендерге куәлік ретінде сертификаттар тапсырыла бастады. Сондай бір шара өткен аптаның жұмасында болды. Оған қалалық мәслихаттың хатшысы Т.Хмилярчук, қалалық қоғамдық кеңестің торағасы М.Мәдиева, облыстық денсаулық сақтау департаментінің Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Б.Айтпаева қатысып, салтанатты шараға жиналғандарды құттықтап, әр мектептің «түлектеріне» тиесілі сертификаттарын табыс етті.

Ізтай белгібайұлы. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.