КАРЬЕРГЕ ҚЫС КЕЛДІ

20161118-04-1Күннің қас-қабағына малшы сияқты, кенші де қарайтын көрінеді. Әрине, шахта шыңырауында қатпар-қатпар кен қабатын құлатқаны емес, жер қойнауындағы шұрайлы шикізатты ашық әдіспен алатыны.  Ашық аспан астындағы карьерде еңбек көрігін қыздырғаны. Олар жылдың төрт мезгіліндегі Табиғат-Ананың өзіндік тарпаң «мінезіне» төселген. Солтүстік Жезқазған кенішіндегі сайыпқыран сондай кенші қатарына жатады.

Мешін жылы әлемдік қаржы дағдарысымен қарсыласқан «Солтүстіктің» сайыпқырандарына жаман болған жоқ. Соңғы тоқсанды абыроймен аяқтауға жұмылған олар жаздың қолайы сәтін тиімді пайдаланып, бұған дейінгі үшеуін көңілдегідей қортындылады. «Көңілдегідей» дегенді көңілжықпастықтан айтып жатқан жоқпыз, табысты тоғыз айдың өндірістік көрсеткішіне көз жүгіртсең жетіп жатыр, оған өзің-ақ еріксіз иланасың.
Кеніште қалыптасқан жалпы жағдай жөнінде техникалық және инвестициялық жоспарлау бөлімінің бастығы Мұрат Бапов (1-суретте) әңгіме тиегін ағытты. Мұқаңмен бірінші кездесуіміз емес, ұзақ уақыттан бері осы кәсіпорынның «ыстығына күйіп, суығына тоңып» келе жатқан тәжірибелі кеншімен бұған дейін де талай жүздескенбіз. Қолына қалам ұстаған қауымның көңіліндегісін дөп басып дағдыланған ол басы артық әңгіме қозғамай, айтар ойын жүйе-жүйесімен алдыңа жайып салады. Жанама сауал қоюға себеп таппайсың. Тек айтқанын қағазға түсіре бер.
«Солтүстіктің» сенгені — «Итауыз» карьері (2-суретте). Онда кен өндіру 1996 жылы басталған. Ішінара сәл-пәл үзіліс жасағаны болмаса, күні бүгінге дейін көңілден шығып тұр. Қолдағы жоба бойынша онда ашық әдіспен өндірілетін кен қоры біткен бетте, тереңде жатқан шикізатты шахталық әдіспен өндіру басталады. Карьердің қазіргі тереңдігінің өзі жүз елу метрден асып жығылады.
Карьердің ернеуінен төменге қарасаң, бәрі алақандағыдай көрінеді. Алып қазан шұңқырдың түбіндегі қуатты техника көзге тым қораш. Соған қарамастан, карьердегі қарқынды еңбектің қызуын сезінесің, кеншінің қолында ұршықша үйірілген техниканың тегеуірінін түйсінесің. Жолбасшымыз ағымдағы өндірістік мәселенің мәнісін тәптіштеп жатқанда әлгіндей әсердің құшағында тұрдық.
Анау — шөміші бір салғанда отыз текше метріңді опырып жіберетін «Tereх» экскаваторы. Тілін тапсаң, тау қопарады. Алайда, ақылсызға алына қоятын асу жоқ. Себебі, қуатты техниканы орынсыз қинамай, қалыптасқан жағдайды байыпты бағалап, тиімді шешім қабылдай білгенде ғана табыс тасқынына жол ашылады. Ал, мұндай тәжірибе тірнектеп жиналады. Ілгері озуға талпынған кеншінің бойынан өзара көмек, техникалық сауаттылық пен темірдей тәртіп тәрізді қарапайым қасиет табылуға тиіс.
Жалпы, «Қазақмыс» уақытша пайдалану мүмкіндігі шектелген баланстағы 40 миллион тоннаға жуық кен қорын алу мүмкіндігін қарастырып жатқаны белгілі. Бұл тұрғыда «Жыланды» жүлгесінің орны бөлек. Ол 2021 жылы жобалық қуатына жетеді. Бұл бағытта қазба орнын пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында 2013 жылы қаңтарда бас жобалау институтының құрамында құрылған Жезқазған қазба орнын дамыту бас жоспарының техникалық-экономикалық негіздемесін жасаумен айналысатын топ жүйелі жұмыс жасады.
Солтүстік Жезқазған кеніші — «Қазақмыстағы» қалыптасқан дәстүрі, тағылымды тарихы бар көне кәсіпорынның бірі. Бұл ұжым қазір алтыншы онжылдықтың есебіне кен өндіруде. Соған қарамастан, кейін қатарға қосылған карьерлер қарт кеніштің өндірістік тамырына қуатты қан жүгіртіп, «ағзасын» жаңғыртып, жасандырып отырады.
Қазір карьерге қыс келді. Соған қарамастан, «Солтүстіктегі» серпіліс көңілге сенім ұялатады.

Комментарии закрыты.