ӘЙГІЛІ ӘУЛЕТ

20161118-04-2Кеншілер жөнелткен шұрайлы шикізатты байытып, құнарлы концентрат алатын жезқазғандық байытушылар қатарында ата кәсібін адалдықпен жалғастырған көптеген әулет еңбек етеді.
Бүгінгі әңгіме солардың бірі әрі бірегейі Классен әулеті жөнінде.

Қырқыншы жылдардың қанды қасап қырғыны басталып, Отан отқа оранғанда Классен әулетінің (3-суретте) бақилық болған атасы Карл Карлович жасы оннан жаңа асқан ойын баласы болатын. Сезіктенгіш сайқал саясаттың сойылы олардың отбасына да оңдырмай тиді. Запорожьеден жедел көшіріліп, атақонысты артқа тастаған Классендер арып-ашып Қазақстанға зорға жетті.
Қостанай облысының Қарабұлақ ауданына қоныстанды.
«Сатқын» санатына жатқызылмаса да, «сенімсіз» саналған кеңестік немісте «құдай салды, мен көндім» дегеннен басқа, таңдауға түсетіндей жол қалмаған. Табиғатынан тиянақты, тұрмыста тындырымды, қашаннан қиындыққа көнбіс, керек жерінде мінезі жібектей жұмсақ ұлттың ұланы көңіл түкпірінде өкініш пен өкпе жатса да, сырт көзге сыр алдырмай, орналасқан ортасына «тастай батып, судай сіңді». Жаратқанның маңдайға жазғанын мойымай көтерді.
Кіп-кішкентай Карл, жасы қазекем айта беретін «отау иесі» болуға жете қоймаса да, «жанын жеп» жұмысқа жегілді. Ересекпен иықтасып ерте тұрды, кеш жатты. Жер жыртысып, дән себісіп, егін орысып, қырман қызылдап, майданға астық дайындаған ауылдастың маңдай алдында жүрді. Бармақтай баланың бойындағы ынта-ықыласты байқаған басшылық «бағын байламайық» деді ме, әйтеуір соғыстан соң келер жылы Қарсақбайдағы ФЗО-ға жіберді.
Оның өміріндегі күрт өзгеріс осылай басталды. Оқу мен өндірісті ұштастыра жүріп, ақыры Қарсақбайда тұрақтап қалды. Еңбек жолын сондағы байыту фабрикасында концентрат сүзгіш болып бастады. Көп ұзамай аға флотатор болып ауысты. Содан фабрика жабылған 1963 жылға дейін табан аудармай, табысты еңбек етті.
Білікті байытушы жолдамамен Жезқазғанда жаңадан ашылған қуатты байыту фабрикасына жол тартты. Зайыбы Валя мен екі ұлын ертіп, көтеріле көшті. Өзі №2 байыту фабрикасына аға диірмен машинисі, зайыбы Валентина Тихоновна орталық химия зертханасына лаборант болып орналасты.
Ерлі-зайыптының өмірі қуатты кәсіпорынмен осылай берік байланысты. Әрине, ол кезде Классен әулеті үшін байыту фабрикасы шын мәнінде екінші үйіне айналатынын, екі ұлы мен немерелері ата-ана жолын қуатынын, кейін олардың қатарына келіндері келіп қосылатынын ешкім білген жоқ. 1970 жылы үлкен ұлы Сергей №1 ұнтақтау корпусына — электр монтері, екі жылдан кейін екінші ұлы Борис №2 бас корпусқа слесарь-жөндеуші болып келді.
Тоқсаныншы жылдары байыту фабрикасына Классен әулетінің жаңа буыны бет бұрды. Екі ұлының тұңғышы — Дмитрий мен Александр №2 ұнтақтау корпусындағы электр монтерінің қатарына қосылды. Одан кейінгі немересі — Сергейдің Иваны бақылау-өлшеу және автоматика жүйесінде, ал Бористің өзі аттас ұлы №1 бас корпуста — слесарь. Карл атайдың келіні де осы кәсіпорынның «отымен кіріп, күлімен шығуға» бел буғандай. Бәрін бастап берген Бористің зайыбы Зере. Немере келіні — Елена мен Ирина да осында.
Классен әулетінің жалпы еңбек өтілін қоссақ, шұрайлы шикізаттан құнарлы концентрат алуға атсалысып келе жатқанына екі жүз елу жылдай болып қалыпты. Бір әулеттің бір кәсіпорынға екі жарым ғасырға жуық ғұмыр арнауы — сирек кездесетін құбылыс.

Комментарии закрыты.