МЫС АЛЫБЫ — МАҚТАНЫШЫМ

Жалғыз Жезқазған емес, жалпы осы аймақтың әрбір тұрғыны мыс қорыту зауытын осылай әспеттейтіні анық. Өйткені, кенші жөнелткен жентек-жентек кенді баптаған байытушының құнарлы концентратынан металлург балқыма алып, шақпақ мыс шығарады. Жер қойнауындағы қымбат қазына солай ел игілігіне айналады.

«Мыс алыбы» атанған Жезқазған мыс қорыту зауыты (4-суретте) — әлімсақтан әлемге әйгілі кәсіпорын. Одақ кезінде-ақ ол төрткүл дүниеге танылған. Қазақстанда қазір мыс өндіретін кәсіпорын көшін бастап тұрған бұл зауыт әлемдегі алғашқы ондық қатарынан ойып орын алған.

Уақыт өтеді, өмір өзгереді. Одан өр тынысты өндіріс те тыс қалмайды. Оны қырық жылдың қырқасындағы бұл кәсіпорын да талай мәрте бастан өткерді. Жаңғырған сайын заманауи талап тұрғысынан түлей түсті. Соның соңғысы — қайта құру жұмысын жүргізу үшін 2013 жылы қыркүйекте «Қазақмыс» басшылығы қабылдаған Жезқазған мыс қорыту зауытының жұмысын тоқтату туралы шешімі. Оған негіз болған — мыс балқыту қуатын дамыту келешегін зерттеу қортындысы.

Қайта құру кезінде кәсіпорынның уақытша тоқтап тұруының әлеуметтік әсерін әлсірету бағытында «Қазақмыс» басшылығы пәрменді қолдау көрсетіп, қабылданған кешенді шараның кенжелеп қалмауын кәсіпорын қайта қатарға қосылғанша қатаң қадағалады. Зауыт бір жылдың көлемінде қайта қатарға қосылды. Оған қарастырылған 3,436 миллион доллар қаржы толық игерілді.
Өндірісте оңай шаруа жоқ. Дегенмен, білікті маман мен ұйымшыл ұжымның одағына зауытты қайта қатарға қосу кезінде кездескен ағымдағы қиындық кедергі келтіре алмады. Қысқасы, кәсіпорынды қайта қатарға қосу кестеге сай жүзеге асты.
Қазір кәсіпорын бұрынғы пирометаллургиялық тәсілмен тауарлы өнім шығарады. Құнарсыз шикізат өңдейтін гидрометаллургиялық технологияны өндіріске енгізу бағытындағы жұмыс қатар жүргізілуде. Ресейлік «РусРедМет» ғылыми-зерттеу бірлестігімен білек біріктірген «КазГидроМедь» компаниясының инновациялық технология ғылыми-зерттеу орталығы құнарсыз кенді кешенді өңдеп, тауарлы өнім алудың тиімді технологиясын жасады.
Кәсіпорында құнарсыз кеннен алынған қара мысты гидрометаллургиялық өңдеудің технологиясын тексерістен өткізетін әмбебап қондырғы монтаждалып, сосын өнімділігі сағатына 5 тонна концентрат шығаруға жететін тәжірибелік зауыт салынады. Оның жобасын ресейлік «РИВС-проект» жасаған. Жезқазғандық металлургтер зауытты салуға да, жұмысына да қатысады.

Бұл технология келешекте баланстағы және балансқа алынбаған кенді, бұрын есептен шығарылған қорды, ұзақ жыл жиналған өндірістік қалдықты аз шығынмен өңдеуге мүмкіндік береді. Кәсіпорынның өндіріс көлемі ұлғаяды. Жезқазған аймағында жұмыс істеп тұрған кеніш «ғұмыры» ондаған жылға ұзарады, экологиялық жағдай жақсарады. Шақпақ мыстың өзіндік құны 1,6 есе арзандайды.

Комментарии закрыты.