«ҚАЙТҚАН МАЛДА ҚАЙЫР БАР»

Табиғи монополияны реттейтін департаменттің талап-арызын таразылаған мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың биыл 1 қыркүйектегі ұйғарымына «ЖезказганЭнергоСбыт» түсірген апелляциялық шағымға 2016 жылы 16 қарашада Қарағанды облыстық сотының апелляциялық коллегиясы шығарған шешімді естіген ел мақалаға тақырып болған осы мақалды малданып, алақанын ысқылап отырғаны анық. Мәселе алатын ақшаның ауқымында емес, қайтатын қаражаттың қайырында ғой…

«ЖезказганЭнергоСбыт» («ЖЭС») аймаққа келгелі алтыншы жылға айналады. Содан жұртты шулатпаған жылы жоқ. Тоқтатпаса, түрі тұтынушыны тұралатып тынатындай. Бастапқыда елдің басын қосып, пікірін тыңдағандай сыңай танытып, қызмет көрсету ақысын аздап аттыратын, бұрнағы жылы ақпанда бірден 14,56 теңгеге көтерді.

Бұл тұтынушының ашу-ызасын тудырды. Бұқараның беталысын байқаған облыс басшылығы біздің аймаққа атбасын арнайы бұрып: «жазда электр қуатын тасымалдайтын басқа құрылым келеді, сонда тариф екі есеге арзандайды» деп сендірді, «кеткен қателікті түзейміз» деп уәде берді. Алайда, «мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты».

Энергетика министрлігі қабылдаған «жария шарт» («публичный договор») қатесі қаптаған жартыкеш дүние болды. Елді жалғыз жайлаған «ЖЭС» пен бүйірден қосылған бәсекелесі «КЭЦ» («КазЭнергоЦентр») осы олқылықты өз пайдасына оңай жаратты. Тұтынушы қос-қостан түбіртек алып, қайсысына қарыз екенін білмей, басы қатты.

Тұтынушы улап-шулап тынышталатынына бойы үйренген «ЖЭС» былтыр 1 қаңтардан бастап тарифті 5 теңгеге тағы көтерді. Сөйтіп, 2014 жылғы ақпандағы 14,65-дан 2015 жылы қаңтарда 19,57 теңгеге жетті. Енді жөңкілген жұртшылыққа Табиғи монополияны реттейтін департамент қосылды. «Қолы ұзын» құрылым ғой, бірден сотқа жүгінді.

«Біз биыл маусымда тұтынушы құқын қорғау туралы заңға енгізілген жаңа бабты пайдаландық. Онда тұтынушы мүддесін қорғауды көздеген мемлекеттік орган сотқа талап-арыз түсіре алатыны дәйектелген. Сөйтіп, сот талқылауының ұңғыл-шұңғылын, заңның қыр-сырын жетік білетін бізге мүмкіндік туды» дейді департаменттегі заң бөлімінің басшысы Жұлдыз Ескенова.

Анау да «осал» болмай шықты. Қалтаға түскен қаражатты қалай қайтарсын, сотта «ЖЭС» өкілі Анна КРЮКОВА: «Кейбір тұтынушы өз мүддесін сотта табиғи монополияны реттейтін департамент қорғағанын қаламайды, біз белгілеген кез-келген тарифпен ақы төлеуге дайын» деп салды. Тіпті: «Компания антимонополиялық ведомствода тариф бекітуге міндетті емес» деп, бәрін бір-ақ белден басты.

Бірақ, табиғи монополияны реттейтін департаменттің талап-арызын таразылаған мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот биыл 1 қыркүйекте артық алынған ақшаны тұтынушыға қайтару туралы ұйғарым жасады. Оған қанағаттанбаған «ЖЭС» облыстық соттың апелляциялық коллегиясына шағымданды. Оның қандай шешім шығарғанын әңгіменің басында тұспалдап түсіндірдік.

Демек, «ЖЭС» пайдасына шешілмеді. Азаматтық-процессуалдық кодекстің 424-бабындағы 1-тармақшаны басшылыққа алған ол мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың биылғы 1 қыркүйектегі ұйғарымын өзгеріссіз қалдырды. Облыстық соттың апелляциялық коллегиясының шешімі жарияланған күннен бастап заңды күшіне енді.

Олай болса, тұтынушы: «Ақшамды қалай қайтарам?» деп тықыршып отырғаны анық. Бұл туралы заңгер Ж.Ескенова былай дейді: «Соттың «Орындау қағазына» орай сот орындаушысы тұтынушыға қаржы қайтаруға қатысты процессуалдық шешім қабылдайды. Әрине, әркім алатын ақшаның ауқымы әртүрлі. Сондықтан, әр тұтынушы сот орындаушысына жолығып, ол өз кезегінде қайтарылатын қаржы көлемін айқындағаны абзал».

Өзім оны күтпеймін. «ЖЭС» ЖШС атқарушы директоры Л.Т.Ногайдың атына арыз жазып, сот шешіміне сәйкес 2015 жылғы 1 қаңтардан бергі артық төлеген ақшамды қайтаруды талап етемін. Талабым қанағаттандырылмаса, прокуратураға шағымданатынымды ескертемін. Арызға халыққа қызмет көрсету орталығынан алған №2 үлгідегі анықтаманы, жекебас куәлігімнің көшірмесін қоса тіркеймін.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.