Аумақтық кеңес төрағалары есеп берді

20161125-02-1Қала әкімі Асқар Ыдырысовтың  төрағалығымен өткен кезекті кеңейтілген аппараттық жиында Казақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы Заңы негізінде өмірге келген Аумақтық кеңестердің атқарған жұмыстары, таяу күндері тойланатын Тұңғыш Президент күні мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай атқарылатын іс-шаралардың барысы кеңінен сөз болды.

Аппараттық жиын жағымды жаңалықпен басталды. Қала әкімі Асқар Ыдырысов өткен аптада елімізде Ауыл шаруашылығы күнінің аталып өткенін, осы мерейлі мереке қарсаңында ҚР Ауылшаруашылығы Министрлігі агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің қалалар арасындағы рейтингінің 9 айлық қорытындысы бойынша Сәтбаев қалалық аумақтық инспекциясы бірінші орынға ие болғанын айтып, сала мамандарын құттықтады.

Қала басшысы сондай-ақ, Сәтбаев қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Ермұхамбет Сәлемовтың облыстық инспекция басшысының дипломымен және Қазақстан Республикасы Агроөнеркәсіптік кешені саласы кәсіподағының ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен марапатталғанын жеткізіп, жоғары марапатты иесіне салтанатты түрде табыс етті.

Бұдан соң аппарат жиыны күн тәртібіндегі мәселелерге көшті. Жиында қаламызда құрылған 5 аумақтық кеңестің төрағалары өздерінің есепті мерзім ішінде атқарған жұмыстарын саралап өтті.

Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш кеңес Казақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы Заңы негізінде үстіміздегі жылдың наурыз айынан бері жұмыс істеп келеді. Олар негізінен қала басшысы мен тұрғындар арасындағы дәнекер іспетті. Тұрғын үй-коммуналдық сала мен құқық қорғау және санитарлық тазалыққа қатысты тұрғындарды толғандырған мәселелерді қала әкіміне жеткізіп, оның орындалысын қадағалап отырады.

Десек те, атауынан ат үркетін кеңестің жұмысы мардымсыз болды. Наурыз айынан бері тұрғындармен бірқатар кездесулер өткізіп, қордаланған мәселелер төңірегінде жұмыстар жасағанымен, оның нақтылы қорытындысы қала басшысын қанағаттандырмады. Тіпті, жиынға қатысқандар тарапынан «Осындай кеңес бар екенін қала халқы толық біледі ме өзі?», деген күдіктің бары да айтылып қалды.
Қала басшысы осы орайда өзінің пікірін де білдіріп, жұмыстарды ширата түсуді тапсырды.

Аппараттық жиында қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Жайлаубаев Тұңғыш Президент күні мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай атқарылатын іс-шаралардың барысы жайлы кеңінен баяндады.

Оның айтуынша, 21 қараша мен 15 желтоқсан аралығында ауқымды шаралар өткізілмек. «25 жұлдызды сәт» деген атаумен өтетін бұл іс-шараларға мектептер мен мектепке дейінгі мекемелер, мемлекеттік мекемелер және барлық қоғамдық ұйымдар тартылған.
Күн тәртібіндегі мәселелерді тыңдаған қала әкімі Асқар Ыдырысов осыған орай бөлім басшылары мен жауапты тұлғаларға қадау-қадау тапсырмалар берді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.