Құдияр БІЛӘЛ: КӨМУЛІ ҚАЗЫНА

«Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ». Негізінен дүниеге қатысты айтылған нақыл. Алтын іздеп, дала кезіп кеткен көп. Ондай әлі толастар емес. Жалпы адам баласы іздейтін байлық, қазына алтынға баланады. Ал, сол қазынаның үстінен түссе, өзін ұстай алмай, ақыл-есінен айрылады. Сондықтан, жасырылған қазына көп адамға нәсіп бола бермейді.

Біреу көрші елдегі бір үйдің ауласында көмілген қазынаны ылғи түсінде көреді екен. Бірде әлгі қазынаға қол жеткізбек болып жолға шығады. Түсінде көрген үйін жаңылмай тауып, діттеген жерін енді қаза бергенде үй иесі байқап қалып, қолға түседі. «Ұры» ретінде ұсталып, абақтыға қамалады.

Оны тергеп, мән-жайға қаныққан абақты басшысы: «Мәселен, мен де түс көрем. Сенің еліңдегі бір үйдің ауласында көмілген қазына бары маған да мәлім. Бірақ, оны іздеп барған емеспін» деп, бәрін тәптіштеп айтып береді. Ол әңгімеден әлгі жер өз үйінің ауласы екенін аңғарады. Абақтыдан босасымен үйге жетіп, әлгі жерді қазады. Көмілген мол қазынаға тап болады.

Мұндай қазына іздеушіге қатысты әңгіме түйінін қазақ: «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деп бір-ақ қайырған. Себебі… Қазына біздің өз ішімізде. Бар адам соны іздейді. Ол қазынаны әр адам әр қилы атап, соған қол жеткізуге бар өмірін сарп еткенімен, ол бәрібір арман күйінде қала береді. Себебі, қазына іздеушінің бәрі әлгі түске сенгіш сияқты «көрші ел» ауласын шиырлаумен шаршайды.

Рас, іштегі қазынаға да қол жеткізген бар. Оны «Әулие» дейміз. Ол «қазынаға» қол жеткізген біз іздеп жүрген қазынаға көз қырын да салмайды. Себебі, оған нәсіп болған рухани қазына! Еш адам оған бірден қол жеткізе алмайды. Оған көтерілер баспалдақ бар. Әр сатыда әлгі «қазына» әсері сезіліп отырады.
Иә, бәріміз жолдамыз. «Қазына» әудем жерде. Білген жөн. Ол – біздікі емес. Егесі бар. Біз Қазынаны, Аманатты, Өзімізді сол Егесіне тапсырамыз. Иә, қазына, ол — біз. Хадисте «Өзіңді танысаң, Алланы танисың» дейтіні сондықтан. Біз соны іздеуге, табуға міндеттелгенбіз. «Алла адамды өзіне ұқсатып жаратқан» дегенде, біз сол «қазынаны» қаперге аламыз.
Ал, сен өзіңді тани алдың ба? Танымасаң, әлгі «көмулі қазына» туралы хиссаға мән бер. Ол «көмулі қазына» барлық уақытта болған. Әлі де бар. Тек ізде…

Әзірлеген Әлібек.

Комментарии закрыты.