ТӨЛТУМА

Ол — теңге! Күні кеше, қарашаның қақ ортасында Ұлттық валюта күнін тойладық. Дегенмен, Тәуелсіздік төлтумасы — Теңге тарихы сәл әріден, «ҚР ҰБ Баспа фабрикасын құру туралы» 1992 жылғы 26 мамырдағы Жарлықтан басталады. Сол жылы 30 маусымда Алматыдағы «Кітап» өндірістік бірлестігінде ұлттық валюта басып шығаратын кешен құру туралы қаулы қабылданды.

1991 жылы Қазақстан нарықтық қатынасқа көше бастады. Бірақ, сол кезде бірыңғай қаржы жүйесі тұрақсыз еді. Оның үстіне, «рубль» аймағындағы Қазақстан Ресейдің қаржы институтына бағынышты күй кешті, дербес монетарлық, экономикалық саясат жүргізе алмады.
Елдің экономикалық күйі, әлемдік кеңістікке кірігуі (интеграция) мемлекеттің қаржы жүйесіне, оның қызметіне тікелей қатысты. Макроэкономикалық саясат сәтті жүруі үшін қаржы рыногында белгілі бір тепе-теңдік болуы шарт. Ал, Қазақстанға кеңестік рубльдің кедергісіз көптеп келуі инфляцияға ұрындырды.

Теңгені айналымға шығару — тәуелсіз ел тарихындағы ең маңызды оқиғаның бірі. Ол түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформа жүргізу жолындағы қажетті тарихи қадам болды. Оның дұрыстығы қаржы-несие секторының ырғақты дамуымен дәлелденді.

Әрине, кеңестік кеңістіктен кеткен ел күрделі кезеңде жеке ұлттық валюта шығарып, басыбайлы банкнот фабрикасын құратынына сенген сирек. Себебі, жас тәуелсіз мемлекет мұны қаншалықты қалағанмен, оған озық технология, тұрақты экономикалық база, жетілдірілген жабдық, керекті кәсіби маман табыла ма?!

Жалпы жеке банкнот және монета шығаратын өндіріс құру — сындарлы саяси шешім. Қазақстан сол кезеңдегі саяси оқиғаның салдарынан Одақ ыдырап, қаржы-несиелік қатынас қаусаған, ал Ресейдің жойласыз «сабан ақшасы» гиперинфляция қаупін төндірген тұста қым-қиғаш қиыншылыққа қарамастан, батыл қадам жасады.

Айырықша маңызды, айқын мақсатты шешім қабылданған соң осы бағытта жұмыс басталды. Бастапқыда жоғары білікті қазақстандық дизайнерлер М.Әлин, Т.Сүлейменов, А.Дүзелханов, Қ.Ғабжәлелов аса құпия жағдайда ұлттық валютаның дизайнын жасауға кірісті. Олар қысқа мерзімде жаңа ақша бірлігінің алғашқы үлгісін және нұсқасын ұсынды.
Дизайнды дайындағанда басты назар банкнот ісіндегі озық технология мен заманауи жетістікке аударылды. Қазақстанның даму тарихын, оның ерекшелігін, көп ғасырлы мәдениетін, этимологиясын таразылап, ұлттық валютаны «Теңге» деп атауға тоқтам жасалды.
Банкнот басып шығаратын қажетті база құрылды. Мамандар әртүрлі елдегі тәжірибені зерттеп, оқып-үйренді. Жабдық монтаждау және іске қосу-реттеу жұмысын француздың «Даниель Ферри» фирмасы атқарды. 1993 жылы маусымда бағалы қағаз шығаратын алғашқы цех іске қосылды. Мұнда тиын қағазға басылды.
1993 жылғы нұсқа — қазақстандық, британдық және швейцарлық мамандар бірігіп жасаған туынды. Номиналы «1», «3», «5», «10», «20», «50» теңгелік бастапқы банкнотты алғашқыда Англия шығарды. Бұл экономикалық жағынан тиімсіз еді. Сосын ағылшындық «De La Rue» компаниясының көмегімен отандық кәсіпорын құру қолға алынды.
Қысқа мерзімде қыруар шаруа тындырылды. Ұлттық валютаны 1995 жылы 19 мамырдан толық жұмыс режиміне көшкен банкнот фабрикасы басып шығара бастады. Шетелден қорғанышты қағаз бен бояу ғана алынады. Банкнот цехының жұмысы үздіксіз жетілдірілу үстінде. Жасандылыққа жол бермеу үшін әлемде танымал қорғау технологиясы мен элемент қолданылады.
Ол банкнотпен қатар акция, вексель, лицензия, облигация, сертификат, төлқұжат бланкісі мен құжаттамасын, визалық жапсырма, ID-карта, пластикалық негіздегі құжат, әскери билет, туу, некеге тұру, некені бұзу, қайтыс болу туралы куәлік, аттестат, диплом мен қатаң есепке алынатын бірқатар басқа да өнім бланкісін дайындайды.
Коммерциялық тапсырыс үлесін ұлғайту және халықаралық нарыққа шығу — кәсіпорынның стратегиялық мақсаты. Ол үш экспорттық бағытта жұмыс істейді: бірінші — банкнот, екінші — басқа жоғары қорғанышты өнім, үшінші — ID-карта мен пластикалық негіздегі құжат. Соңғы екі бағыт қатаң бәсекелестік ортада дамуда.
Сыртқы нарықтағы бәсекелестік қабілетін қамтамасыз ету мақсатында сапаны басқару жүйесі жолға қойылған. 2003-2005 ж.ж. «ISO 9001:2000» сапа менеджменті әзірленіп, өндіріске енгізілді. Тәуелсіз аудит нәтижесі негізінде «TUV CERT» халықаралық сертификаттау органынан тиісті құжат алынды.
Кәсіпорын қызметінің тиімділігін арттыру үшін 2009 жылы сапаны, экологияны және еңбекті қорғауды басқарудың біріктірілген жүйесін енгізіп, халықаралық стандарт талабына сәйкестендірді. Мұнда батыстық мамандар әзірлеген материалды және дайын өнімді бақылау мен есепке алудың қалыптасқан жүйесі жұмыс істейді.
Қазақстандық банкнотты халықаралық сарапшылар жоғары бағалайды. Бұған беделді кәсіпқой форумда иеленген марапат дәлел. Айталық, 2007 жылы Бангкокта өткен «Currency Conferences» конференциясында «Optiks» элементі қолданылған 10 мың теңгелікке «Үздік жаңа банкнот» номинациясында бірінші орын берілді. 2008 жылы 5 мың теңгелік банкнот ісіндегі қауіпсіздіктің жаңа әлемдік стандарты ретінде танылды.
Қағаз тиын басып, кішігірім баспа фабрикасы ретінде өз қызметін бастаған банкнот фабрикасы бүгінде банкнот пен бағалы қағаз шығаратын беделді, қуатты кәсіпорынға айналды. Шетел мамандары Теңгенің жоғары деңгейдегі қорғанышымен қоса, оның дизайны біздің елдің тарихын, мәдениетін, өзіндік ерекшелігін сезінуге мүмкіндік беретіндігін ерекше атайды.
Жеке банкноттық өндіріс құру — Қазақстанның алғашқы қалыптасқан күннен бастап барлық жағдайда тәуелсіз болуға тырысқан, талғампаздықпен таңдап алған салиқалы саясатының нәтижесі.
Қазір барлық қаржы операциясы теңгемен есептеледі. Ұлттық валютаның тұрақтылығы құндылығымен айқындалады. Оның ішкі өлшемі — инфляция деңгейі, ал сыртқысы — басқа валютаға байланысты бағамы.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты.

Комментарии закрыты.