Автокешен ашылды

20161202-01-3Тұңғыш Президент күні мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында қаламызда жаңадан салынған автокешен ашылды. Бұл нысан «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде өмірге келді.

Автокешеннің иесі – дәрігер. Нақтырақ айтсақ, қалалық аурухананың оташысы Атабек Диметов.
– Жеке кәсіпкерлік саласында бұл менің алғашқы ірі нысаным. Мамандығым дәрігер болса да халыққа қызмет көрсететін осындай бір кешен ашуды қолға алдым. Кешен деп отырғаным, мұнда автокөлік жуумен қатар, дөңгелектерді жөндейтін қызмет те бар. Келешекте өзге де техникалық қызмет көрсету түрлерін ашуды жоспарлап отырмын, – дейді Атабек Рүстембайұлы.
Орайы келгенде айта кетейік, бүгінгі күні Сәтбаев қаласында автокөліктерді жуатын және жөндейтін 22 нысан бар екен. Солардың қатары мереке қарсаңында «Яссы» деп аталатын тағы бір автокешенмен толықты. Оның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасарлары Болатбек Жақсыбаев пен Сұлтан Нарботаев қатысып, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
Автокешен таяу күндері толық қуатта жұмыс істейтін болады. Ол қала халқына қызмет көрсетіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да негіз болуда.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.