Шәмші әндері шырқалды

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Тұңғыш Президент күні құрметіне орай қаламыздағы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында күллі қазақ елінің рухани қазынасына айналған Шәмші Қалдаяқов әндерінің фестивалі өтті.

Қалалық мәдени-сауық орталығының ұйымдасты­руымен өткен ән байқауы көңіл пернесін дөп басқан сыршыл әндерімен қала жұртшылығын сусындатты. Тума талант иесінің сырлы сезімге толы әндері әр қазақтың жүрек түкпірінен ойып тұрып орын алғаны белгілі. Әлемнің жарығын сыйлаған аяулы жандарды, ақ бантик байлаған балауса қыздарды, қазақтың жазиралы даласы Мойынқұм мен Отырарды әнге қосқан сазгердің есімі қазақ барда ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ән әлеміне алтын әріптермен жазылары сөзсіз.
Аталмыш өнер додасында Сәтбаев, Жезқазған қалалары мен Ұлытау ауданынан 14 қатысушы бақ сынады. Шыны керек, көрермендер Шәмшінің әндерінің әлдиіне бөленіп, зал бір сәт ән шаһарына айналғандай болды. Бірінен-бірі асып түсетін тамаша дауыстардың, нақышын келтіре шырқаған шеберліктердің куәсі болдық бұл күні. Сәтбаев қаласының әнсүйер қауымы дауысының табиғилығымен ерешеленген сайыскерлерді қошеметтің астына көміп, қатысушылардың шабытын шарықтата түсті.

Комментарии закрыты.