Мектеппен қоштасу көктемі

Міне тағы бір оқу жылы аяқталып, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесінің қарсаңында қаламыз бойынша 552 бала мектеп тәмамдап отыр. Оның 393 ҰБТ-ға қатысады. Осы жас түлектердің ішінде төртеуі «Алтын белгіге», бесеуі ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер.

Сағат 10-нан бастап барлық қала мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Мектеп бітірушілерді әкім аппаратының, мемлекеттік мекемелердің басшылары құттықтады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында ашылып, іргелі білім ордасына айналған №16 қазақ орта мектебін 82 оқушы аяқтап отыр. Түлектерді шығарып салу салтанатына қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Кауһар Сағындықова, қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалия Сейтмағанбетова қатысты.

Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалғаннан кейін, мектеп басшысы Қайрат Смаилов мектеп бітіруші түлектерді құттықтап, сәт сапар тіледі. Келген қонақтар да түлектерге ақ тілектерін арнап, мектептің, қаланың атын облыс, республика көлеміне шығарып жүрген оқушыларға алғыс хат тапсырды. Толассыз ақ тілектердің жалғасын ата-аналар тарапынан да айтылып жатты. Салтанатты кеш барысында мектеп, ұстаз жайлы әндер шырқалды.

Атап өту керек, бұл күн осы білім ордасы үшін ерекше болды. Себебі мектептің түлегі, таэквандодан республикалық жарыстардың бір неше жеңімпазы Елтай Қуантай Түркияның Эдене қаласында өткен жарыстан ІІІ орынды еншілеп келіпті.

Елу жылдық тарихы бар №3 қазақ орта мектебінде де соңғы қоңырау соғылып, 25 оқушы үлкен өмірге қанат қақты.

Жас түлектерге өздерінің құттықтауларын қалалық әкімдіктің бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бибінұр Махамбетова мен білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Мира Естиярова ала келіпті.

Салтанатты ашылудан соң мектеп басшысы М.Байбекова ақ жол тілеп, түлектерден келешекте зор үміт күтетінін айтты. Мектеп бітірушілердің салтанатты жиынын әсем әндер аша түсті. 11 жыл білім берген ұстаздарына түлектер сыйлықтарын тапсырды. Салтанатты жиын «Мектеп бітірушілер» әнімен аяқталды.

Соңғы қоңырауға арналған мереке   кешкілік Кеншілер алаңындағы концерттік бағдарламаға ұласты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.