Жазықсыз жазаланғандар

XX-ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы ашаршылық, 37-дегі саяси қуғын-сүргін қазақ халқының басына қара бұлт төндіріп, миллиондаған адамдарды қырып-жойды. Бұл нәубет бір жағынан, қазақтың ұлт болып одан әрі қалыптасуына жойқын соққы әкелсе, екінші жағынан елді бас көтерер игі жақсыларынан айырды. Солардың  қаншамасы ел ішінде белгісіз, қаншамасы өзінің әділетті бағасын ала алмай келеді?!

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап жазықсыз жапа шеккен Алаштың азаматтарының есімі халқымен қайта қауышты. Олардың қатарында осы Жезқазған-Ұлытау аймағының есіл ерлері, қазақтың зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Әділбек Майкотов, Смағұл Қазбековтармен замандас, үзеңгілес болған ағайынды Елемес және Ахмет Баржақсиндер болған.

Біздің өңірімізде осы есіл ерлер туралы деректер жинап жүрген Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, қалалық мәслихаттың депутаты, белгілі дәрігер Серік Қолданұлы Оралды жапасыз жазаланған бұл азаматтардың тағдыры көптен бері мазалап жүр. Халқымыздың ең үлкен қасиеті  бабалар рухын қастерлеу болса, Серік аға ағайынды Баржақсиндер туралы дерек-мағлұматтарды Астана, Алматы мұрағаттарынан, баспа беттерінде бұрын жарияланған мақалалардан тырнақтап жинап келеді.  Аз да болса сол ізденістердің нәтижесімен газет оқырмандарымен бөлісуге, қазіргі ұрпаққа жеткізуге тілек білдірген еді.

– Кешегі нәубет жылдардың жарасы әлі де толық жазылған жоқ. Еліміз егемендік алғалы, өткен тарихтың сүрленген беттері сирек болса да әр жерден байқалады, – дейді Серік Қолданұлы. – Мен жинаған деректер бойынша, ағайынды Елемес пен Ахмет Баржақсиндердің  әкесі Танабайұлы Баржақсы XIX-ғасырдың екінші жартысында Атбасар өңіріндегі ауқатты адамдардың бірі болған.

Сауданы кәсіп етіп, Ақмола, Көкшетау, Ұлытау жерлерінде біраз дүние-мүліктері, мал-жайы болып, осы өңірлердің халқына шапағаты тиген адам ретінде танылған. Баржақсы көзі ашық сауатты болса керек, өзінің 4 ұлын да Омбыда оқытып, білім берген. Үлкен ұлы Бірімжан Омбыда ауылшаруашылық мамандығы бойынша оқыған. Төрежаны мал дәрігері болған. 1928-жылы кәмпеске кезінде Атбасарда атылып кеткен. Үшінші ұлы Елемес 1882 жылы Жезді өңірінде туған, Омбыда орталық фельдшерлік оқуды бітірген. Атбасарда Әділбек Майкотовпен бірге қазақ халқының мәдениетін, ой-өрісін көтеруге атсалысқан. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Ұлытауда денсаулық саласында қызмет етіп, осы өңірде алғашқылардың бірі болып фельдшерлік бөлімнің ашылуына мұрындық болған азаматтың бірі.

Елемес Баржақсин 1935 жылы НКВД-ның үкімімен ұсталып, 1936-жылы Қарсақбай түрмесінде азапталып өлтірілген.

– Елеместің інісі Ахмет туралы мен Алматыдағы мұрағаттан, «Қазақстан Республикасының энциклопедиясынан» әжептеуір мағлұмат алдым, – деп сөзін жалғастырады Серік аға. – Ахмет Баржақсин 1894 жылы Ақмола облысының Атбасар уезі, Жезді болысында дүниеге келген. Өте сауатты да білімді адам болған. Атбасарда орыс-қазақ мектебін, Омбыда мұғалімдер семинариясын, сонда ауыл шаруашылық институтын, Мәскеудің әдебиет институтын бітірген. Атқарған қызметі де ауқымды. «Бірлік» мәдени-ағарту ұйымын құруға атсалысқан, 1920 жылы Ақмола уездік ревкомы қазақ бөлімінің, 1921 жылы Ақмола губерниясының кооперация одағының басқарма мүшесі, 1923-1924 ж.ж – Қазақ тұтынушылар одағының төрағасы, Орталық Атқару Комитетінің Ұлт бюросының нұсқаушысы, «Центросоюздың» Берлиндегі өкілі, Ақтөбе ауылшаруашылық банкінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

1928 жылы Ахмет Баржақсин өз еркімен большевиктер партиясынан шығады. 1929 жылы «партия беделін төкті», «троцкийшіл» деген айыппен Батыс Сібірге жер аударылады. 1933 жылы жазасын өтеп келіп, Омбы ауылшаруашылық институтында сабақ береді.

1934 жылы ОГПУ-дың үштігінің үкімімен Ахмет Баржақсин тағы да тұтқындалып, Батыс Сібірге 5 жылға жер аударылады. 1935 жылы сол үштіктің үкімімен асыл азамат атылады.

Әлеуметтік төңкерістер заманында өмір сүрген Баржақсин қысқа ғұмырында артына мол әдеби, ғылыми мұра қалдырды. Ол 1913-1914 жылдары қазақтың 1710 мақал-мәтелін жинап, іріктеп, 1915 жылы тұңғыш рет «Мың бір мақал» кітабын қазақ, орыс тілдерінде шығарды. Оқу-ағарту, әйел теңдігі, кооперация мәселелері жөнінде мақалалары мен әңгімелері «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Үш жүз» газеттерінде, «Айқап» журналында басылды.

Қарап отырсаңыздар, ағайынды Баржақсиндердің ғұмыры ұзақ болған жоқ. Елемес 54 жыл, Ахмет 41 жыл ғана өмір сүрген. Бірақ, қандай өнегелі, үлгілі өмір?! Аз да болса елі үшін, халқы үшін қалтқысыз еңбек еткен, артында із қалдырған қандай азаматтар қыршынынан ерте қиылды?!

Серік ағаның осы Баржақсиндер туралы деректердің ішінде 1992 жылы сол кездегі Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газетінде жарияланған  «Елім деп туған ерлер бар» атты қазақ зиялылары жайлы мақаласы сақталған. Сол мақалада ағайынды Баржақсиндерден қалған үрім-бұтақтарының естеліктері  келтірілген.

1992 жылы Елеместің қызы Мархаба апай әкесі жайлы былай дейді:

– Әкем ұсталған соң мен мектептегі оқуымды тастап жұмыс істеуге мәжбүр болдым. Кейіннен әкем түрмеде қаза тапқан соң, жағдай мүлдем ауырлады. Жалғыздық жан күйзелтті – көзге шыққан сүйелдей едім…

Мархаба апайдың жары – белгілі публицист, журналист Әбілқасен Әміралин де кезінде сол зұлмат жылдары жапа шеккен, 1938 жылы белгілі 58-ші баппен айыпталып, 1940 жылы ғана ақталған. Әбілқасен аға елге «Арқада туған алып» кітабымен, журналистикадағы ауқымды еңбегімен, кенді өлкенің зерттеушісі ретінде белгілі.

Аталған мақалада Баржақсиндер әулетінің ұрпағы  Бибаш (Бибажар Төрежанқызы) апаның да естелігі келтірілген:

– Әкеміз Ахмет Баржақсиннің 1923 жылы Мәскеуде басылған «Мың бір мақал» кітабынан үзіңді 1991-жылы «Ана тілі» газетінде беріліп жүрді. Сонда ел туралы әкеміз былай толғапты: «Ерден аспақ бар, елден аспақ жоқ», «Құралай бастаған келін оңбайды», «Елді сөкпе, кенді  төкпе». Мұның өзі нені ұғындырады? Бұл – елім деп туған ердің елін сүйген махаббатын көрсетеді.

– Кезінде Алаштың азаматтарының басына түскен зұлматты бүгінгі ұрпақ ұмытпауы, сол жылдардың қасіреті ойлантуы керек, – деп есептейді Серік Қолданұлы. – Сол азаматтарды есте сақтау тұрғысында  туған елімізде не іс-шара жасалуда? Айтуға ұят. Қанаттас екі қаланың бірінде неге бір көшенің атын Ахмет Баржақсинның есімімен атамасқа? Ұлытауда денсаулық сақтау саласының іргесін қалауға қатысқан Елемес Баржақсинге естелік ескерткіш неге орнатпасқа?

Осы асыл азаматтар жайында деректерді жинауды Жезқазған университетінің оқытушылары мен студенттері қолға алса, Баржақсин ұрпақтарын еске алу шаралары іске асса, кейінгі ұрпақтың аруақтар алдындағы борышы орындалар еді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді ғой халқымыз.

Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.