Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВ: «ЖАҚСЫ КӨРУ ЖАҒЫМПАЗДЫҚҚА ҰЛАСПАСЫН»

20161209-04-1Біз ұзақ уақыт бодандықта болып, дербес мемлекет құра алмадық. Қауымнан шыққан жалғыз басшыға бүтін ел болып бағынып, дербес саясат жүргізе алмадық.

Тарихта тұр – ауызбіршілік болмады, алауыздыққа көп жол бердік. Сөйттік те, жеңілдік. “Алтын орданың” мұрагері бола тұра мұратқа жете алмадық, менбілермендік пен менмендіктің жібін үзіп кете алмадық. Аз дұшпан айласын асырды, көп дұшпан дегеніне көндірді. Тарыдай шашырап, әр түрлі тағдырдың талайына ұшырадық.

Ұзақ уақыт құлдықта болғандықтан, санадан «менің елбасым», «менің мемлекетім» деген ұғым ұмытылып, “төл тұлғаға” бойұсыну сезімі жоғалды. Иә, біз “тайпалық толеранттылық”, “рулық іштарту” секілді байланысты сақтадық. Жер бетінде аман қалу үшін жерлестік қарым-қатынасты да жек көрмедік. Әлі күнге “жерлесім” десе, бөрікті атуға дайынбыз. Рулас қызметке тұрса, руxтанып қаламыз. Ағайынның аты шапса, тақым қысамыз. Қоңсының қойы егіз тапса, қуанамыз.

Бірақ «бұл – менің мемлекетім, елбасым — елімнің егесі, оның мәртебесі – менің мәртебем, елбасына айтылған ауыр сөз – маған да қатысты» деп ойлайтын деңгей, өкінішке қарай, әр қазақтан табылмай тұр. Руды боқтатпақ түгілі, қоқырайғанның қолында өлуге бармыз. Ал, “мемлекетім, менің ұлтым” деген жерде “біткен елміз ғой”, “шіріген жүйе ғой”, “бәріне билік кінәлі” деп, отырған бұтақты қиып жіберуге, “не болса о болсын” деп, ортақ киізді тіліп жіберуге даяр тұрамыз.

Күйеу бала кеденші болса, қызды көрмейтіндей, құда генерал болса, үйіне бармайтындай, жоғарыдағы жолы болғанның көбін жемқор, әлдінің бәрін әділетсіз көреміз. Әйтсе де, мемлекеттік мекемеге барғанда, сонда істейтін танысы кездессе, айналып өтіп танымайтын терезеге барған пендені кезіктірмедім. Жоғары жылдамдықпен жүріп қойып, “жолпол” тоқтатқан кезде “жіберіп қалар ма екен” деп жұмсақ жымиып, оның заң талап етпеуін іштей дәметіп, “тар жерде танып қап, босата қояр ма екен” деген емексу — екінің бірінің ойында жүрген пендешілік. “…Әркімнің өз мақсаты керегінде…” деп, Абай xакім айтқандай, Елбасына екілене тиісіп, билікке іші жылымас боп алғанның бірнеше түрін көрдім.

Бірі “қисық-қыңыр боп, биліктің қабырғасына тізеңді тақап, мазасын алып, бүйі тигендей қып, бар екеніңді байқатып отырмасаң, билік басынады. Қолқаңа құлақ салмайды. Қоясын ақтарып, қорқытып отырсаң ғана, берерімен бөлісіп, беделіңді қаперіне алады” деген түсінікпен жүргендер. Екіншісі, кішігірім биліктің дәмін татып, кісі жұмсап, талтайып тұрып, шалқайып сөйлеп үйренгендер. Одан да биік жотаға жоғарылаймын деп жүргенде әртүрлі себеппен жолы жабылып, қолы қағылғандар. Олар да билікке деген өкпесін, мансапқа құштар пендешілігін “xалықтың қамы, көптің талабы” сияқты перденің артына жасырып, соққысын жасап, есебін түгендейді. Жазатайым жолы бола қалса түр-түсі де, күлкісі де өзгере қалатынына күмәніңіз болмасын.

Үшіншісі алпауыт елдің астауынан жем жеп, аттың қамытын тайға кигізгісі кеп, түйменің көзіне түйелі кісіні кіргізгісі кеп, таңертең еңбектеген баланы тал түсте жүргізгісі кеп жүргендер. Тариxы мен танымы бөлек, қуаты мен қарымы бөлек дамыған елдей бола қоймадың деп кеше ғана “жердің жайына қарай көшіп-қонып, малдың жайына қарай өсіп-өніп, айғыры шауып, биесі тауып, етті қазанға сап қойып, шежіре шертіп, әңгіме айтып отырған” қамсыз қазақтың қарекетшіл, жинақы болмағына сабыр қыла алмай, састыртатындар. Сырттан таңылатын таным мен ақпаратты арқалап келіп, өз жұртына “жау сағынған” жарамсақтар. “Әкеңді жақсы көресің бе, жоқ, шешеңді жақсы көресің бе?» деп баланың басын қатыратын бәтуасыз адамдай «билікпен біргесің бе, жоқ, халықпен біргесің бе?» деп көпе-көрнеу қауымды екіге бөлетін түсініктегілер.

Төртіншілер, Абай атамыз айтпақшы, “көзінен басқа ойы жоқ”, естігені мен көргеніне ғана сенетіндер. Жеткен ақпарат өсек пе, ақиқат па, анығын қажет етпейтіндер. Отының басына сөзін өткізе алмай отырып, отандық мәселеге шешім айтатындар. Тағдырға кеткен есесін клавиатураны қақырата басып, әлеуметтік желінің әлімжеттілігін пайдаланатындар, интернет иінінде отырып алып, аты шыққанның алқымына жармасып, аты шапқанның артынан тас лақтыруды “азаматтық парызым”, деп есептейтіндер. Атам қазақ айтпақшы: “Көш кері бұрылса, ақсақ түйе алдыға шығады”.

Көсем мен шешен, текті мен бетті атылып-сатылып, сапамыз кеткелі, қарғалығына қарамай қыранның тұғырын егелегендер, қашырлығына қарамай, тұлпардың тағасын тұяғына шегелегендер. Дүниенің дидары күнде өзгеріп жатыр. Әлем болса – әлемтапырақ. Мәдениет мидай араласып, имани иммунитеті жоқтар жаһанға жұтылып бара жатыр. Кімге не дәлелдеп, кімге айбар көрсеткендейміз.

Кейбір деңгейлес ел Алладан сұрап, армандап қол жеткізе алмай отырған, көш бастар Ердің де қадіріне жете алмай, етектен тартып, есін жидыртпауға дайын отырғандар бар. Ең қиыны, айдаладағы билік өкілін айтпағанда, тұлабойын реніш кернеп, ағайынымен ат құйрығын кесісуге дайын, жарты ауыз сөз үшін жарына талақ бере салудан тайсалмайтын, ұл-қызының қайда, кіммен жүргеніне мән бермейтін қаперсіз қауымға айналып бара жатырмыз. Үш ғасыр киген бодандық қамыты басымыздан шешілгенмен, санамыздан салдары кетер емес.
Бір тудың астына үш қазақтың басын біріктірген ердің елесі ғана есімізде. Ондай қаһарманды “өзім” деп өзеуреуге жүрек қаттылық, құшақ тарлық қылып жатыр. Ата-әже көрмеген баланың өзі үлкенге илікпей, ізетке сараң боп жатады, ата-анасының біреуі болмай жалғызілікті тәрбие көрген перзент те жұртпен бірден жұғыса алмай, әкеден алмаған еркөңілдікті бойынан таппай, анадан алмаған мейірім бұлағының көзін аша алмай, қаншама сүрініп, қаншама түңіледі? Ал, ұзақ уақыт ұлттық мемлекет құра алмаған, ортасынан озығы алдыға шыға алмаған, тариxын сатқындардың ізі шұбарлаған қауымның xалі айтпаса да түсінікті. Ақсақалы жоқ ауыл — жетім. Көшбасшысы жоқ қауым — жетім.
Бізден бұрын өмір сүрген бабалар да, рас, халықтың мұң-мұқтажын басшыға жеткізіп, билікті сынайтын. Бірақ, біз секілді араны ашып, жаулыққа қиып жібермейтін. Әділетті болатын. Басшыны қалай сынаудың жолы мен жөнін білетін. Текті бабадан қалған дәстүрлі әдісті қолданатын. Басшыға оңаша айтуға өз аяғымен барып, өз аузымен айтуға мүмкіндігі болмаса, аузы дуалы адам арқылы жеткізуге тырысатын. Бір ауыз сөзі қаперге алынса, көпке мақтанып, кеудесін ұрмайтын. Газетке сұхбат беріп, не интернетке пост жазып “міне, біз билікке былай деп айтып тастадық” деп ұрандамайтын.

Ал, қазір екі адамның басын қосып, есіктің алдын сыпырта алмайтын біреу әлемдік деңгейдегі мәселені шешіп жүрген тұлғаға күл шашып отыратын болды. Мұнда қандай әділдік бар? Ажырасқалы жатқан екі жасты жарастырып, ағасын алдап-сулап арағын қойғызып, темекісін тастатып, жиенін жұмысқа тұрғызып, әкесіне жаңалау көлік мінгізуге тырысып, әйтеуір, әулетіне қамқор боп, проблемасын шешуге шын ұмтылып жүрген жан мемлекет басқарудың қандай қиын екенін түсінер еді. Өйткені, мемлекет – үлкен бір отбасы. Осыған менің көзім әбден жетті. Отбасы берекелі болуы үшін – сөзі жараспай тұрса да адам бір-бірін түсінуге тырысады. Жеңгеңнің қабағы салқын болса да, ағаң үшін сол үйден шәй ішіп кетуге міндеттісің. Келінің білу керек насиxатты қызыңа айту арқылы жеткізесің. Біздің мемлекет – біздің отбасы.
Сол отбасы басшысының жақсылығын көрмесек, биліктің бізге ұнамаған сипатының неден екенін нақты түсінуге тырыспасақ, қазіргі мүмкіндігімізге дәл баға беру неғайбыл. Сондықтан, кейде билікті түсінуге тырысу, қазір билік үшін емес, қауым үшін қажет болып тұр. Қаншама мемлекеттің тағдыры талқандалып жатқанының негізгі себебі – билік пен халықты екіге бөлуден басталған. Басы ашық ақиқат — қай билік болса да өз қауымына лайық. Билікте отырған тұлға жемқор болса да, жағымпаз болса да, жақсы болса да, жасампаз болса да, соны тәрбиелеп жетілдірген қауым бар. Биліктегі бар проблема қауымнан бастау алып тұр, ал қауымда бар мәселені билік шешуге мүдделі. Осы екі ниет бір жерге тоғысса, мемлекет баянды бақыттың жолында.

“Балта өзінің сабын шаппайды, пышақ өзінің сабын жонбайды». Билік пен қауым бүтін бір ағза секілді. Сынау керек, бірақ, сындырып алмау керек. Жақсы көру керек, бірақ, жағымпаздыққа ұласып кетпеуі керек… Тұңғыш Президент күні құтты болсын! Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Автордың әлеуметтік желідегі парақшасынан ықшамдап әзірлеген Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.