Дария-қария

Теледидарға телмірген ұлының жүзіне ұзақ қараған қарияның жанарына жас үйірілді.
– Бүгін де жұманамазға бармадың-ау… Бір жылдың 52 аптасынан 52 сағатыңды қия алмадың ба? Денің сау, бойың дерттен аман! Неге құлшылығыңды тәрк еттің… Мен Жасағанием алдында жүзім жарық болғанын қалаймын, соны неге түсінбейсің, ұлым?!
Шылым тартасың. Күніне 1 қораптан 20 тал темекінің әр талын құшырлана 3 минуттан кем тартпайсың. Тәуліктегі 24 сағаттың 1 сағатын ғибадаттан қиып, зияндыққа айырбастайсың… Бақыт көпірін қиратып, өкініш орын қазып жүргеніңді сезбейсің-ау…
– О, қу заман! Құдайдың құлы азған заман! Қайғы зарын күллі жерге жайған заман! Асқар таудай әкеден, тас құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібіткен анадан бала безді. Тастанды бала — тасжүрек… Қоғамды пайдақор, зинақор, пәлеқор, нашақор, араққор, парақор, шылымқор, жемқор жайлады. Өңшең ел ішін іркіттей іріткен, қор қылған, қапыда қапқан қақпанды қаптатқан қаптаған «қор» қоюланып, заманның сиқын кетірді…
– Кемпір, саған не жоқ?! Күн ұзақ басыңды алмай, теледидар алдында телміріп, түрік-кәріс сериалына сан сағатыңды сарп ету түкке тұрмайды, ұлы құлшылық – намазға келгенде ыңқыл-сыңқылың үдеп кетеді… Айтарың ақыл-өсиет емес, әртіс пен көкжәшіктің әлегі. Ұрпаққа қайдан қасиет қонып, қандай өнеге болмақ?
– Қызым, бір елдің үкілі үмітін арқалаған, құлыным менің! Сен ертеңгі аяулы анасың, асыл жар, бір әулеттің әуелеген әжесісің. Жан азығы – иманың, шырағыңның қорғаны болған – намазың қайда? Ата-баба салт-дәстүрі, ұлттық құндылық, таным-түсінікке сусап тұрған жайың бар, ұл-қызыңды ұлт иісінен жұрдай етпекпісің?
Жүзіндегі әжімі дір-дір еткен ақсақал кейіген күйде ауладағы тілі салаңдаған кәрі төбетке қарап:
– Ит өмір! Е, Аллам, кешіре гөр! Дүниеден арқалағаным, алдыңа апарарым тек амалым мен иманым болғай! Ұрпағыма осылай кейіп, өкініш білдіруім – бәрі-бәрі менің қауқарсыздығым, иә-иә, солай, қателік өзімнен… Тек өзіңмен ғана бақыттымын! Атамекен – мүбәрак мекен – Жаннатты сағындым!
Дария-қария орнынан тұрып, мешітке қарай бет алды. Бірақ, ақсақалдың айтқаны тек ішінен, санасында сайраған сөз еді.

Әзірлеген Әлібек.

Комментарии закрыты.