«Ақын-сазгерлер аллеясы» ашылды

20161216-02-1Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Сәтбаев қаласында қаланың шығармашылық қауымының құрметіне арналған «Ақын-сазгерлер аллеясы» салтанатты түрде ашылды.

Қаланың Комаров көшесіндегі көшеттермен көмкерілген шағын аллеяның шырайы ендігі жерде бұрынғыдан да бетер кіре түсетін болды. Өйткені, бұл жер қала басшылығының ұйғарымымен «Ақын-сазгерлер аллеясы» болып жабдықталды. Көшенің бойына «Қобыз», «Домбыра», «Қалам мен қағаз» деп аталатын шағын сәулет мүсіндері қойылды. Олардың маңына орындықтар орнатылып, демалушыларға мүмкіндік жасалды.

– Сәтбаев қаласының жерасты қазынасы ғана емес, шығармашылық әлеуеті де жоғары. Қаламыздан елімізге танымал талай әдебиет пен мәдениет тарландары өсіп шықты. Бүгінгі жастардың арасында да талантымен танылып жүрген сазгерлер, ақындар мен қалам және қылқалам шеберлері аз емес. Осындай шығармашыл топтың құрметіне бүгін арнайы аллея ашып отырмыз. Оны «Ақын-сазгерлер аллеясы» деп атағанды жөн көрдік. Бұл жер қала тұрғындары мен қонақтарының рухани демалыс орнына айналады деп ойлаймыз, – деді аллеяның ашылу салтанатында қала әкімі Асқар Ыдырысов.

Салтанатты шарада сөз алған ақындар Мәуия Бекмағамбетова мен Мұса Тілеуов қала басшыларының бұл игі ісіне қаланың шығармашыл тобы атынан алғыс сезімдерін білдірді.

Бұдан соң қала әкімі Асқар Ыдырысов қаланың бірқатар қаламгерлерін қабылдап, арқа-жарқа әңгіме өткізді. Қабылдауға келген ақындар алдағы уақытта атқарылар жұмыстар жайында ой бөлісіп, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.