Ең қастерлі, ең маңызды күніміз

20161216-01-2Дүйсенбіде Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.

Жиынға мемлекеттік органдар басшылары, облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттары, соғыс және еңбек ардагерлері, кәсіпкерлер, этномәдени орталықтар мен діни бірлестіктер жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар басшылары, қала тұрғындары қатысты.

Мың өліп, мың тірілген қазақтың осыдан 25 жыл бұрын айы оңынан туып, ата-баба армандаған Тәуелсіздікке қолы жеткен еді. Сол ширек ғасыр уақыт ішінде Қазақстан бір ғасырда әрең қол жеткізетін жетістіктерді игерді. Бүгінде әлем таныған жас мемлекет көшбасшылар қатарынан көрініп жүр. Бұл тұтас қазақ халқы үшін үлкен мәртебе.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында осы жайттар кеңінен көрініс тапты. Кешегі ақтабан шұбырынды заманды еңсеруден басталған қаһармандық істер мен бүгінгі буынның жарқын болашағы елдің көз алдынан өтті.

– Біз өз жетістіктеріміздің бәріне де еңбек пен маңдай теріміз арқылы жеттік. Еліміздің Тәуелсіздігін баянды ету, балаларымыздың болашағын жарқын ету жолында алда да еңбекқорлық пен ынтымағымыздан айнымаймыз, – деді салтанатты жиында сөз сөйлеген қала әкімі Асқар Ыдырысов.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталған көп балалы ана Айжан Сәдуақасоваға жоғары марапаты салтанатты түрде табыс етілді. Сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін көптеген азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хатымен, Сәтбаев қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сонымен қатар, аймағымыздағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне қала әкімінің сыйлығы табыс етіліп, бірқатар пәтер иелері кооперативтері «Үздік ПИК» атақтарына ие болды.

Ширек ғасырлық той салтанатында қаламыздың сайлау жүйесінің қызметкерлері де сый-сияпаттан құр қалған жоқ. Оларға қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук орталық сайлау комиссиясының Алғыс хатын тапсырды.

Тәуелсіздік тойына арнайы келген мейман, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің әкімшілік департаментінің директоры Еренай Дәржібаев кеншілер қаласының жұртшылығын ең қастерлі және ең маңызды күнмен құттықтап, білім беру саласының бірқатар үздіктерін ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапаттады.

Топтаманы әзірлеген Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.