ЖАСЫНДАЙ ЖАРҚЫЛДАДЫ

20161216-01-3Бұл теңеу кеншілер қаласының әкімдігі елдің ширек ғасырлық және облыстың 80 жылдық мерейтойына арнап Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткізген «Ұлт Тәуелсіздігіндегі ұлы бастаулар» атты облыстық жас ақындар айтысына қатысушыларға тиесілі.

Тізгінді аймақтық ұлттық өнер орталығындағы айтыс үйірмесінің жетекшісі, ақын, Жезқазғандағы мемлекеттік мұрағат директоры Бағдат Байжантаев ұстады.

— Қайырлы күн, айтыссүйер ардақты ағайын! Сәтбаев шаһарына облыстың түкпір-түкпірінен дүбірлетіп, домбырасын күмбірлетіп жеткен жыр жампозының өнер бәйгесі құтты болсын! Бұдан екі жыл бұрын қала әкімдігінің қолдауымен ұлттық өнерді ұлықтайтын «Аймақтық ұлттық өнер орталығын» құрып, қазақтың қолданбалы қолөнерін, күй, терме, айтыстай төл өнерін үйретіп, жалпақ жұртқа жүйелі насихаттап келеміз. Міне, осылай ел ішінен ұлттық өнердің туын желбірететін жасты тауып, «тай күнінде» танытсақ, «құнанында» айтыс аламанында шаңдата шауып, жүлде салар ерен жүйрік шықпасына кім кепіл? Мұндай іс-шара өткенді бүгінге жалғап, тарихты танытып, талғамды өсіріп, танымды кеңейтері күмәнсіз…

Бүгін баба арманын, Тәуелсіздік тарихын жеріне жеткізе жырлайтын жас ақындар жиналды. Қытайдың ұлы ойшылы Конфуций: «Қолбасы мен сарбазды айыруға болады, бірақ, қарапайым адамды өз қалауынан қалай айырасың?» деген екен. Айтыс та — халық қалауы, ұлттың рухы. Сондықтан, халықтан айтысты айыра алмайсың. Зәулім сарайды кішкентай кілтпен ашасың. Олай болса, көркемсөзден кілт жасап, көңіл сарайын ашсам деп, жүрек қалауын тапсам деп келіп отырған арқалы ақынға Сәтбаев халқының атынан сәттілік тілеймін! Аллатағала дуалы ауызға дарынды сөз салсын. Ақ жол! — деген Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов айтыс шымылдығын айқара ашып берді.

Тәуелсіздік шапағатымен жағына жаһұттан жыр ұялатып, таңдайына тәтті ән қондырып, көмейінен көркем сыр төккен Арқаның арынды ақындары: қарағандылық Бекарыс Оспанов пен шеттік Жаһаншах Бәдел, жезқазғандық Жоламан Мағзұмов пен қарағандылық Доскей Ботпай, теміртаулық Еркеғали Бекболат пен қарағандылық Ғалым Арғын, ұлытаулық Ботакөз Мұхиден мен шахтинскілік Нұрмұхамед Байсүгіров, жаңаарқалық Сырым Бейсембеков пен астаналық Төрехан Совет, приозерскілік Балжан Әбдірахманова мен қарағандылық Нұрсұлтан Рым бай, сәтбаевтық Жеңіс Тілекенов пен қарағандылық Мұхтар Әділов тасталған жеребеге сәйкес жұптасап, Тәуелсіздік тарихына бойлап, тереңнен ойлап, от ауыздан өріліп шыққан жауһар жырдан шашу шашты.

«Жауһар жырдан» деп, көңілжықпастықпен айтып отырған жоқпыз. Егер айтысқан ақындар арасында жасы жиырманың о жақ, бұ жағындағы бірен-сараны болмаса, дені студент пен оқушы екенін ескерсек, соған қарамастан бұл дода атанға жүк болар жауап кершілікті көтерді. Жастар сахна төрінде жасындай жарқылдады. Алғашқы күні тақырыпқа тиіпқашты тоқталып, қазылардан қайта-қайта ескерту алып, негізінен жастықты жалаулатса, ақтық айтысқа шыққанда ортаға тәп-тәуір тұшымды ой тастады.

Алғашқы күнгі алғашқы жұптың айтысы ұзаңқырап, жамиғат жалыққандай сыңай танытқанмен, тыпыршыған тыңдарман Бекарыс: «Мысы мен қысы басым кенді өңірге, Шахтада көмірі мол жерден келдім» немесе «ҰБТ-ны өзгертсең өзгерте бер, Өзгертпе тек қазақтың әліппесін» дегенде, дуылдата қол соққанына куә болдық. Жоламан мен Доскей де әдемі айтыс жасады. Кейінгісі: «Жер бетінде жақсы өмір сүру үшін, Жер астына түсетін батыр халық» деп, қауқылдаған кенші қауымын бір көтеріп тастады.

Еркеғалидың да аяқалысы ұнады. Мектеп оқушысының сөз саптасы мықты. Түбі айтыс тарланының бірі болатын түрі бар. Ал, өзін «жұмысшы» деп тұқыртпақ болған жауабы жатық, екпіні қатты қарсыласына: «Елді де металлург басқарады» деп қарымта қайтарған, «Нұрлар жеңеді» деп түпкі ойын меңзеген Нұрмұхамедке: «Жұдырықтай жұмылмасаң, жейтін жұдырығың көп болады» деп жауаптасқан Жоламанның жолы болды.

Әрине, «әттеген-айсыз» айтыс жоқ. Бұл жолы да болды. Біреуін ғана айтайын. Алғашқы күні Ботакөз бен Нұрмұхамед елді еліктірген әдемі «қыз бен жігіт айтысын» жасады. Келесі күні Ботакөз бен Мұхтардың сөз қақтығысынан соны көре алмадық. Менің ойымша, қарсыласы келіспеген қыздың «бағы байланды». Ал, енді, бір ақын сырқаттанып қалып, қазылар келіскенімен көрермен арасынан он бес жастағы Абзал Мақашевқа ешкімнің айтысуға шықпауын өзім «әттеген-ай!» емес, сәттілікке санадым. Мен адам танысам, одан мықты жырау шығады.

Бұл — менің көрермен ретінде көңілге түйгенім. Ал, ақындар арасынан «жүзден — жүйрік, мыңнан — тұлпарды» осы айтысқа Астанадан арнайы келген Л.Гумилев атындағы ұлттық университеттің профессоры, филология ғылымының докторы, айтыстың ақтанкері, аты алты Алашқа мәшһұр Аманжол Әлтай бастаған, сәтбаевтық ұстаз Аманкелді Бұқар, айтыскер ақын, филология ғылымының кандидаты Света Жұмкина, журналист-ақын Ахат Құрмансейіт пен Ізтөлеу Түсіп қоштаған қазылар кіршіксіз көңіл, парасатты пайыммен анықтады.

Айтыстың ақтық кезеңіне шыққан ақыннан жүлдесіз қалғаны жоқ. Ұрпағы дайындаған айтулы жүлде: Тайжан атындағы — Доскей Ботпайға, Шынболат атындағы — Сырым Бейсембековке, Ибраһим Баймолда атындағы — Мұхтар Әділовке, Омар Қунақов атындағы Ботакөз Мұхиденге тапсырылды. Ботакөз үшінші орынның 50 мың теңгелік жүлдесін де еншіледі. Сондай-ақ, тағы бір үшінші орынға — Бекарыс Оспанов, екінші орынға (70 мың теңге) — Нұрмұхамед Байсүгіров, бірінші орынға (100 мың теңге) Еркеғали Бекболат лайық деп табылды. Бас жүлде (150 мың теңге) Жоламан Мағзұмовқа бұйырды. Оны Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов көпшіліктің қошаметімен тапсырды. Айтысқа қатысқан барлық ақынға қала әкімдігі атынан Алғыс хат пен 20 мың теңге сыйлық берілді.

Әлібек ӘБДІРАШ. Суреттерді түсірген Ләйлім Әбеуова.

Комментарии закрыты.