ҚАЛА БЮДЖЕТІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсенбіде қала әкімдігінің ғимаратында қаланың 2017-2019 жылдарға арналған бюджетін нақтылау мәселесі бойынша Қоғамдық кеңес отырысы өтті. Отырысты қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Марал Мәдиева ашып, жүргізіп отырды.

Кеңес отырысында қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ербол Сәкеев алдағы жылдың бюджеті жайлы есеп берді. Оның айтуынша қаланың қаржы қоржыны алдын-ала түскен сұраныстарға сәйкес қоғамдалып қойылыпты. Қаражаттың басым бөлігі білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және қаланы дамытудағы тығыз мәселелерді шешуге бағытталған екен. Атап айтқанда, білім нысандарының материалдық техникалық базаларын нығайтуға, заманауи құрал-жабдықтар мен жаңа оқулықтар алуға, мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің кейбіріне күрделі жөндеу жасауға, «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыруға, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге, жолдарды орта және ағымдық жөндеу жұмыстарына, мәдени-көпшілік іс-шараларға қомақты қаржы қарастырылған.

Отырыс барысында Қоғамдық кеңестің мүшелері қаланың күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелерді оңтайлы шешуге, білім беру мен денсаулық сақтау және мәдениет саласының жұмыстарын жандандыруға қажетті қаржыны мейлінше жеткілікті шешуді атап айтты. Әсіресе, қаладағы көкжелектерді залалсыздандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарда олқылықтың орын алатыны, көше жолдарын жөндеу мен күтіп ұстауда келеңсіздіктердің бар екенін айтып, осы оралымсыздықтарды жоюға баса назар аудару қажеттігін жеткізді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.