ҚАЛА ҚАЛАМГЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

Қала басшысы Асқар Ыдырысов ақын-сазгер саяжолының ашылу салтанатынан кейін кеншілер мекеніндегі қаламгерлерді қабылдады. Бүкпесіз пікір алмасу барысында көпшілікті толғандырып жүрген біраз мәселенің басы қайтарылды.

20161223-08-1

Бірден байқалғаны — туған қаланың тыныс-тіршілігі қолына қалам ұстаған қауымды қатты толғандырады екен. Қуаныштысы — соған сай нақты ұсыныс-пікір ортаға салынды. Рас, бастапқыда көңілдегі көркем ойды кестелеп ұсынуға ұмтылған әрқайсы орамды ойын жарыса жеткізсе, әңгіме ауқымы кеңіп бара жатқан соң атқарылар жұмысты жүйелеу жөнінде ұсыныс түсті.

Қысқа қайырсақ, алдағы жыл шындық жолында шырылдап өткен Шынболат шайырға арналады. Себебі, ділмәр Ділдебаевтың туылғанына — 80 жыл! Қала көлемінде атқарылатын әдеби-мәдени шара біткен соған бағындырылады. Ақынның ғибратты ғұмыры мен шығармашылығына байланысты атқарылатын шаруа өз алдына бір төбе. Жалпы бұған бағытталған жұмыс қазірдің өзінде басталып кетті, тиісті бағдарлама қолға алынды.

Одан кейінгі жыл — кеншілер қаласының 40 жылдық мерейтойы аталып өтетін келелі кезең. Міне, осы маңызды мезетте қала қаламгерлері өзінің қабілет-қарымын көрсетуге тиіс. Бәлкім, қарасөзбен кестеленіп, өлеңмен өрілген қала жылнамасы жеке жинақ болып оқырманына жол тартар. Қалай болғанда да, қала қаламгерлері мерейтой жолындағы жорықта алдыңғы шептен көрінуге тиіс. Оған қай жағынан болсын мүмкіншілігі мол. Сөйлеген шешендер сөзінен соны ұқтық.

Қысқа ғұмырында Ұлытауды ұлықтап өткен, Қазақстанды қойып, Ресей мұрағатында тапжылмай отырып тапқан-таянғанын «сүйіншілеп» жамиғатқа жеткізген, көз майын тауысып шұрайлы шығарма жазып кеткен көсемсөз шебері, ақиық ақын Қуаныш Ахметов пен тума талант, өнер көгінде жарық жұлдыздай ағып өткен Есқожа Сартовты есте қалдыру тұрғысында да атқарылатын жұмыс ауқымды екенін аңғардық. Айтылған ұсынысты екшеп, ел кәдесіне жарату — келешектің еншісіндегі іс.

Жалпы кеншілер қаласында жүзеге асырылып жатқан жұмыс баршылық. Бірақ, соған жанашырлықпен қарау жағы жетісе бермейді. Осыған орай бірқыдыру әңгіме тұтыну мәдениеті төңірегінде өрбіді. Ол сайып келгенде тәрбие мен тәртіпке келіп тіреледі. Ендеше қала қаламгерлері өскелең ұрпақпен жұмыс жүргізуден де тысқары қалмауы тиіс. Қала мектептерінде жиі қонақта болып, балаларды отансүйгіштікке, қамқорлықты қадірлей білуге баулуға атсалысқаны абзал.

Қаламгерлер көп мәселе қозғады. Жасы тоқсанның төріне озған, кезінде үзеңгілес інілері «қазақтың Маяковскийі» атап кеткен Тоқтамыс ақсақал Асқар Абылайұлына алғыс айтып, табыс тіледі. «Шындық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі ақын, журналист Абдолла Дастанов әкімге әріптестерінің ризашылығын жеткізді. Пайдалы басқосу үшін ыстық ықылас танытқан қала әкімі қаламгерлерге ескерткіш сыйлық тапсырды.

Жиын соңында кездесуге келген ақындар өздерінің қойын дәптерлеріндегі жырларын жарыса оқыды.

Жырлары төменде жарияланып отыр.

Әлібек ӘБДІРАШ. Суреттерді түсірген І.Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.