АЛҒАШҚЫ «АЛЫП»

1967 жылы шілденің аяғында Жезқазған кен-металлургия комбинатының №57 шахтасы пайдалануға берілгендігі жөніндегі актіге мемлекеттік қабылдау комиссиясының мүшелері қол қойды. Ол Кеңестер Одағы үшін мерекелі жыл еді. Ұлы Қазан төңкерісінің 50 жылдығына ел қызу әзірленіп жатқан.

№57 шахта. Сол кездегі қалыптасқан дәстүр бойынша мұндай елеулі мереке құрметіне маңызды нысан қатарға қосылатын, қабылданған көтеріңкі социалистік міндеттеме мерзімінен бұрын орындалғаны туралы еңбек рапорты беріліп жататын. Мерекелі жылы пайдалануға берілген сондай маңызды нысанның бірі осы №57 шахта болатын.

Бұл шахта өзінің жарты ғасырға жуық тарихында екпінді еңбек жылнамасының небір жарқын бетін жазды. Кез-келген кәсіпорынның терең тамырлы тарихын жасайтын қарапайым адам, бірнеше буынды біріктірген жасампаз ұрпақ. №57 шахтаның да жарқын жылнамасы бастау алған қайнар көзі — кенші.

Даңқты жылнама қажырлы кеншінің қайрат-күшімен жарасымды жалғасын тапты. Шабытты еңбектің шалқар екпінімен шыңыраудан шұрайлы шикізат өндірген олар Отанға адал қызмет етудің өмірлік өнеге-үлгісін көрсетті, азаматтың ажарын айқындайтын адамгершілік биік қасиетті мұра етіп қалдырды.

Сонау жетпісінші жылдары елімізде «мыңшылар қозғалысы» кең өріс алды. Кейінгі жастар біле бермейтін ол қозғалыстың мәні — тәулігіне бір мың тонна кен өндіру болатын. Кенді өңірде ол бастамаға алғашқылар қатарында №57 шахтада Роман Расновскийдің бригадасы үн қосты.

Әріптестің қайырлы қадамын Тұрман Танабаев, Асылхан Әбдіраманов, Анатолий Клюшенко, Арнат Құттыбаев басқарған бригада қызу қуаттады. Забойшылар бригадирі Николай Макаровтың есімі тіпті Одаққа танылды. Иван Луканович, Юрий Селиванов, Сағи Төлепбергенов, Павел Аристов аты алқалы жиында жиі құрметпен аталды. Сіңірген еңбек, төгілген тер текке кетпей, «кеншілер патшалығының» талай танымал тарланы лайықты марапатталды.

«Мыңшылар қозғалысының» тура осы шахтада қызу қолдауға ие болуы тегін емес еді. Мұның алдында қатарға қосылған №55 шахтада көптеген өздігінен жүретін қуатты кен жабдығы өндірістік сынақтан сәтті өтіп, жаңа шахта жаппай сондай жабдықпен жарақтандырылды. Оның үстіне кен өндірудің тиімді тәсілін игеру бағытында кең көлемді іргелі ізденіс қанат жайды. Солай қозғалыстың соны сипат алуына жайлы жағдай жасалды.

Сексенінші жылдары «мыңшылардың» жаңа легі жарыққа шықты. Әбдіқадыр Тұрсынов, Құрманғазы Жангелдинов, Тобылжан Табысов сынды кейінгі буын басқарған сайдың тасындай жігіттер «мыңдық» межеден де асып түсті. Тәулігіне 1500 тонна кен өндіруді қамтамасыз етті. Алдыңғы толқынның игі ісін кейінгі түлек сәтімен жалғастыруда.

Жаңа ғасырда кеніш қақпасын қағып, табалдырығын аттаған жастардың арасында да келешегінен үміт күттіретіні жеткілікті. Ұдайы өткізіп отыратын дәстүрлі «Үздік жас жұмысшы» байқауынан «шығыстықтар» шетқақпай қалып көрген емес. Кеніштің көгінде жарқырайтын жаңа жұлдыз солардың арасынан шықпасына кім кепіл?!

№57 шахта құрамына кіретін Шығыс Жезқазған кеніші биыл тәп-тәуір өндірістік көрсеткішке жетуде. Еңбек бәсекесінде кеніштер арасында көш бастап жүр. Кәсіпорын алдына қойылған міндетті ойдағыдай орындаудың сенімді кепілі — барды байыппен бағалауға және соны шебер пайдалануға қабілетті кәсіпқой ұжым қалыптастыру. Шахта басшылығы мұны ешқашан естен шығарған емес.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.