Кешенді жоспар талқыланды

Мамыр айының 26 күні Жезқазған қаласы әкімшілігінің мәжіліс залында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Т.С.Рахымбеков Сәтбаев пен Жезқазған қалаларының активтерімен кездесу өткізді. Жиналыстың басты мақсаты – Жезқазған өндірістік аймағының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және одан әрі дамытудағы кешенді жоспардың жобасымен таныстыру болды.

Жиынға Сәтбаев қаласының әкімі Советбек Медебаев пен Жезқазған қаласының әкімі Берік Әбдіғалиұлы   қатысып отырды. Кездесуге қос қаланың әкімінің орынбасарлары, бірқатар мемлекеттік мекемелердің басшылары, қаланың Құрметті азаматтары мен кәсіпкерлері шақырылды.

Жиналысты облыс басшысының орынбасары Т.С.Рахымбеков ашты.

–    Естеріңізде болса, ақпан айында Қарағанды облысының әкімі С.Ахметов осы өңірге іс-сапармен келіп, екі қаланың ақсақалдар алқасы мен активтерімен кездескен болатын. Сол кездесуде ақсақалдар екі қаланың дамуы жөніндегі бірқатар арыз-шағымдарын айтқан болатын. Осыдан соң Жезқазған өңірінің даму мәселелерін қарастыратын арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар 4 ай бойы үздіксіз жұмыс істеп, ақпараттар жинап, сараптама жүргізді. Жалпы Жезқазған өңіріне аумағы 140 мың шаршы км-ден астам Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау ауданы кіреді. Тұрғындар саны – 170 мыңнан астам. Бұл облыс халқының 13 % құрайды. Әкімшілік аймақтық құрылым бойынша 2 облыстық маңызы бар қала, 1 ауылдық аудан, 19 кенттік және ауылдық округтер, барлығы 47 елді-мекен орналасқан. Бұл аймақ облыстың 40 % астам өндірістік өнімін өндіреді. Қазіргі таңда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына байланысты индустриалды-инновациялық даму бағыты қолға алынуда. Оның негізгі мақсаты – ел экономикасын әртараптандыру. Осыған орай, Жезқазған аймағын дамытудың кешенді жоспарына аймақтың экономикасын көтеру және әртараптандыру, кен игеруді қолға алу, құс фабрикасын, ет өнімін өндіретін, тағам өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды ашу, сонымен қатар, сапалы ауыз-сумен қамту, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамыту, теміржол салу кіреді. Әлеуметтік сала жағынан денсаулық сақтау, білім беру, мәдениетті дамыту да кіреді, – деді Төлеутай Сатайұлы.

Жоспарды талқылау барысында бірқатар ақсақалдар жоспарға қатысты өз ойларымен бөлісті. Солардың ішінде қалалық Ақсақалдар алқасының төрағасы М.Аханов та болды. Қаламыздың Құрметті азаматы Мұзараф Аханов облыс басшысы орынбасарының алдында «Неге Сәтбаевта жазда ыстық су жоқ, Сәтбаевқа неге ақша бөлінбейді, Биылғы жылы ғана 18 пәтерлі үйге ақша бөлінді, ал басқа бағдарламаларға қашан бөлінеді»  деген сияқты қала өміріне қатысты мәселелерді көтерді.

Сонымен қатар, Жезқазған қаласы Ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Ө.Оспанов «Біз – қазынасы өз қолына бұйырмаған халықпыз! «Қазақмыс» корпорациясының бар байлығы ұстағанның қолында кетеді. Оның қызығын көріп жатқан біз жоқпыз» деп көптің көңіліндегі ащы шындықты айтты. Ал, еңбек ардагері Ш.Сүлейменов «ауылшаруашылыққа қазір ешқандай көңіл де, ақша да бөлінбейді» деген ренішін жеткізді.

–    Құрметті ақсақалдар, сіздердің бүгінгі жиында айтқан барлық ұсыныстарыңыз далада қалмайды. Көтерілген сұрақтардың барлығын қайта қарастырып, талқылаймыз. Қазіргі кезде біз осы кешенді жоспар бір айдың ішінде қабылданып, онда қарастырылған барлық іс-шаралардың жүзеге асуын тілеуіміз керек, – деп аяқтады кездесуді Төлеутай Рахымбеков.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.