Жастардың жігерін жалындатқан

Соңғы үш жылда белгілі бір салада жетістікке жетіп, өнері мен білімімен көзге түсіп жүрген  жастарды  көтермелеу мақсатында қала әкімінің «Мақсат» сыйақысы беріліп келеді.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткен бұл марапаттаудың орны дәстүрлігімен ерекше.

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында он номинация бойынша үздік шыққан жастарды марапаттау рәсіміне қала әкімі С.Медебаев, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, Жезқазған кентінің әкімі Е.Құсайынов, Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының басшысы З.Чумакова және С.Қожамқұлов атындағы сазды-драма театрының актері Ә. Шоманов қатысты.

«Жылдың жас физигі» атағына №16 орта мектептің оқушысы Жандос Тілешов, «Жылдың жас математигі» атағына Болат Ербаев лайық деп танылды. Сая Қиянбековаға «Жас филолог» атағы бұйырса, С.Сейфуллин атындағы гимназияның түлегі Самал Жүнісова «Жас заңгер» атағына қол жеткізді. Қаланың қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген бір топ жастардың арасынан Әділет Исмайл озып шығып, «Жылдың белсендісі» атағын алса, шет мемлекеттерді өзінің спорттағы жетістігімен мойындатып жүрген Екатерина Ермак «Жыл спортшысы» деп танылды. «Жылдың жас әншісі» атағы Сағындық Ахмедияновқа бұйырса, Мақсат Жанұзақов «Көңілді тапқырлар клубының жұлдызы» деп табылды. Ал, «Жас суретші» атағын Данияр Айдархан алды. Аталмыш номинацияларға қол жеткізген жастар арнайы диплом және он бес мың теңге сыйақыны еншіледі.

Қала басшысы С.Медебаев «Жылдың үздік маманы» атағына лайық деп танылған мәдени-сауық орталығының музыкалық жетекшісі Талғат Борановқа жиырма мың теңге сыйақы мен диплом тапсырды.

Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың атын иеленген қала жастарының қай салада болмасын қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Сондықтан да, «Мақсат» сыйлығы жастардың жігерін жалындатып, шығармашылықтарының шыңдалуына мол мүмкіндік жасайтыны сөзсіз. Бұған сыйақыны иемденген жастардың сөзі дәлел.

– Қала әкімі С.Медебаевтың бастамасымен үшінші жыл қатарынан беріліп келе жатқан «Мақсат» сыйлығын еншілеу мен үшін зор табыс. Қала жастарының жігеріне жігер қосып, ізденулеріне мол мүмкіндік жасайды. Өзімнің қалаған жоғарғы оқу орнына түсуіме де ықпалы айрықша, – дейді С.Сейфуллин атындағы гимназияның түлегі, «Жас заңгер» номинациясының иегері  Самал Жүнісова.

«Қазақстан ұлы держава болуы үшін бізге күш-қуаты, қажыр-қайраты мол, ақылды, дарынды жастар керек», – деген Елбасы Н.Ә.Назарбаев жастарға көп үміт артып отыр. Сондықтан да «Мақсат» сыйақысын еншілеген жастар бұл сенімді ақтайды деп ойлаймыз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.