«ӘЙЕЛДЕР — ЕЛ ТІРЕГІ»

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерекелік іс-шара аясында тұсаукесері өткен кітап осылай аталады.

Тақырыбы айтып тұрғандай, көркем безендірілген кітап кейіпкері — кенші қауымы мекендеген шырайлы шаһарда тұратын 25 әйел. Кезінде сан салада еңбек еткен, қазір де қатардан қалмаған, жаны нәзік болса да, қуатты күшке айналған олардың жас шамасы да әртүрлі. Жаны жайсаң жандардың арасынан ақ жаулықты әже де, кербез келіншек те көзге шалынды.

Салтанатты жиында кітап кейіпкері сахна төріне жеке-жеке шақырылып, қысқаша өмірбаяны көпшілікке таныстырылды. Кітап пен гүл ұсынылды. Ескерткіш суретке түсті. Әйтеуір, әйел біткен мәре-сәре болды. Олардың қатарында әріптесіміз, «Шарайна» газетінің бұрынғы бас редакторы Майра Жаппасбаева болғанына біз де бір марқайып қалдық.

Жалпы, кеншілер қаласында талантты, көпшіліктің көңілінен шығып жүрген, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп ұсынуға әбден тұратын қыз-келіншек жеткілікті. Кейіпкер қатары 25 болуы міндет емес шығар, бірақ, жылда солар туралы осындай жинақ шығарып отырса, орынды болар еді. Салтанат үстінде айтылған бұл ұсынысты қолдауға болады.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.