Қазыналы «Қазақмысқа» – 20 жыл

Биыл еліміздегі іргелі өндіріс ошағының бірі де бірегейі – «Қазақмыс» корпорациясына 20 жыл толып отыр. Жыл еншісіндегі елеулі оқиғаға орай циклдық мақалалар топтамасын өңіріміздегі өндірістің қалыптасу тарихынан бастағанды жөн көрдік…

Азды-көпті арғы тарих

20 жыл. Бұл Жезқазған өндірісінің еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихы ғана. Ал, оның тамыры тым әріде жатқанын бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Сондықтан, осындай торқалы той күндері тарихтан тәбәрік таратқанның да артығы болмас деймін. Жалпы, тарихты білу, ұрпақтар санасына тарих зердесін ұялату – үлкен тәрбие.

Сонымен, тарих былай деп сыр шертеді. 1847 жылдың 10 қарашасында Қызылжардың көпесі Ушаков Бағаналы руының шонжары Батыр Бақаншин мен сол рудың биі Шиан Таңсықбергеновтен Кеңгір өзенінің сағасын 400 сомға сатып алып, шартқа қол қойысады. Сол тұстары орыс капиталистерінің іске шорқақтығын сәтті пайдалана білген ағылшын, американ, итальян капиталистері бұл өлкеге көз тіге бастайды. Ақыры, 1907 жылы Фон Штейн деген ағылшын Жезқазғанды 200 мың сомға сатып алады. Дес бергенде, олардың келісімі, ойға алғандары орындалмай қалды. Оған Ұлы Қазан төңкерісі себепкер болды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бұл өлкеге И.Деев бастаған Ш.Далабаев, П.Холмецкий, А.Комиссаров, Н.Саусақов, В.Перчаткин, В.Прокопьев, Ж.Жанбосынов сынды саналы азаматтар келіп, қазақ өндірісінің қазығын қаққан еді. Бүгінде сол аға буынның еңбегінің арқасында туған өлке төсіндегі ен дәулет шашау шықпастан ел игілігіне айналуда.
Қысқасы, Жезқазған комбинаты дүние жүзіндегі мыс өндірісінде толық механикаландырылған алғашқы кәсіпорынға айналды. 50-60-шы жылдары Жезқазған өндірісі қарышты дамып, алып шахталар өмірге келді. Оның алғашқы жұмысшылары еңбекпен түзеу мекемелерінің контингенті болды. Кейін өндіріске жоғары дәрежелі білікті мамандар мен инженер-техниктер көптеп келе бастады.

Бертінгі тарихқа тоқталсақ…

Осылайша, бір кездері 400 сомға сатылған қасиетті мекен ел игілігіне дүние жүзіндегі ең сапалы кен тасқынын толассыз ағызды. Өкінішке орай, Одақ құлап, елде «тұрымтай – тұсына, балапан – басына» деген заман басталғанда комбинат дағдарысқа ұшырады. Әйтсе де, Елбасының сарабдал саясатының арқасында елге шетелден инвесторлар тарту арқылы өндірістің тамырына қан жүгіре бастады. Комбинатты «Самсунг» фирмасы алып, оның екінші тынысы ашылды. Тынысы ашылып қана қойған жоқ, әлемдегі мыс алыптары ондығының ортасынан ойып тұрып орын алды. 1997 жылдан бастап «Қазақмыс» корпорациясы деген мәртебелі атауға ие болды.
Осы он жылдың ішінде қазыналы «Қазақмыс» қанатын кеңге жая түсті. Бір кездері елімізде тоқырап, тұралап қалған бірнеше өндіріс ошақтарын қанатының астына алып, аяғынан тік қойды. Корпорация құрамында Балқаш тау-кен комбинаты, Шығысмыс комбинаты, «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі шаңырақ көтерді. Кейін Семей өңіріндегі Ақтоғай кенішіне де «Қазақмыстың» оң назары түсіп, өндірісі іске қосылды. Бір ғана «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің өзінен бірнеше жаңа кен орындары ашылып, олар Тәуелсіз еліміздің табыс қазанын тасытуға үлес қосуда.

«Қазақмыс» корпорациясының іргелі кен ошақтары, кеніштері мен кәсіпорындарының дені Сәтбаев қаласының аумағында орналасқан. Бұл, қаланың келешегіне де үлкен ықпал етуде. Корпорация кеншілер қаласының әлеуметтік-экономикалық, мәдени ахуалының оңалуына қомақты үлес қосты. Сол жылдары қалада теңдесі жоқ мәдени-спорт, денсаулық сақтау нысандары салынып, пайдалануға берілді. Әрине, мұның бәрі тікелей Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырылғанын айту ләзім.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.