АРМЫСЫЗДАР, АҒАЙЫН!

Тәуелсіз елдің алтын ғасырының тағы бір жылы тарих қойнауына кетті. Қазақ елі үшін жаман жыл болған жоқ. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойы жоғары деңгейде өтті. Экономикамызда да ілгерілеу болды. Сол жақсылықтардың жаршысы болған «Шарайна» газеті де Мешін жылы үлкен шығармашылық ізденісте болып, бірталай жетістіктерге жетті. Қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, қордаланған проблемалардың шешімін табуға атсалысты. Әр түрлі тақырыптағы айдарлар, танымдық мақалалар мен журналистік зерттеулер қалалық газетті қоғамда айтар ойы бар, салмақты басылым ретінде биігінен түсірген жоқ.

Енді, міне, жаңа Тауық жылының да табалдырығын аттап отырмыз. Жарыққа шыққанына ширек ғасыр болған кенді қаланың шамшырағы, өздеріңіздің «Шарайнаңыз» бұл жылды екі мың данадан сәл асып шығарыла бастады. Бұрнағы жылдармен салыстырғанда әжептәуір кемігендік байқалады. Бірақ, ол оқырмандардың кінәсінен емес. Керісінше, бүгінгідей  шыр­ғалаң шақта қалың оқырманның газетке деген құрметі, ықылас-пейілі бөлек. Екі мың данадан асып жығылуымыздың өзі соның айғағы. Бұл – ақпараттар ағыны ауыздығымен алысып тұрған замандағы баспасөздің әлі де болса еңселі, өрелі де өркенді екендігінің белгісі.

Адамды адам еткен ой мен сөз. Мұны газет шығарып отырған ұжым да жақсы түсініп, өздеріне артылған міндет пен қызметті ойдағыдай атқаруға бел буып отыр. Өткен жылдан бастап газетіміздің көлемі үлкейіп шығарыла бастады. Оның сыртқы пішіні ғана емес, ішіндегі сөзі де өзгереді. Осы мақсатта қазақ және орыс тілдегі бөлігінің алғашқы айқарма беттерінде айшықты ақпараттар мен елге айтар ойы орамды, сөзі салмақты мақалалар топтастырылады.

Піл көтермегенді тіл көтереді. Кеншілер қаласының жылнамасын жазып, оның күнделікті тыныс-тіршілігінен толыққанды сыр тартып,  ой-пікір алаңын кеңейтіп, қалың оқырмандарымыздың талап-талғамына орай жүзеге асар тың серпінді іс жасау – біздің бүгінгі басты мақсатымыз. Осы орайда, биылғы жылы әр айдың екінші аптасында «етжеңді» сан шығаруды да ойластырып отырмыз. Оның үстіне биылғы жылдың еншісінде көптеген тарихи оқиғалар тұр. Оның бірі де бірегейі «ЭКСПО-2017» көрмесі болса, екіншісі – таяу күндері Алатау бөктерінде өтетін Дүниежүзілік 28-ші қысқы Универсиада. Қазақ елінің меймандостығы мен дархандығын айдай әлемге паш ететін өзге де атаулы күндер аз емес. Солардың әрқайсы жайлы қалам тербеп, патша көңіл оқырманға жеткізіп отыру мақсатында газет қызметкерлері жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істейтін болады.

Міне, осындай мерекелі жылда мерейіміз асып, мейманамыз тасып, оқырман мен газет болып жүздесуіміз үзілмесін. Газеттің тірегі – оқырман. Сондықтан, біз сіздерге үлкен үміт артамыз. Жыл бойы газетімізге жазылушылардың қатары көп болсын деп тілейміз. Сіздерден орамды ойлар мен елді бірлікке, ынтымаққа шақыратын сөзі салмақты хаттар күтеміз.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ, «Шарайна» газетінің бас редакторы.

Комментарии закрыты.