Талапқа сай болмай шықты

Күн сайын шарықтап бара жатқан азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында қаламыздың партиялық бақылау комиссиясының тарапынан біршама жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – өткен аптада комиссия төрайымы А.Төлендина, мүшелері С.Имамбай, Н.Наурызбаев қала әкімдігінің кәсіпкерлік және  ауылшаруашылық бөлімімен бірлесіп өткізген рейд.

Бұл жолы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қаламыздың «Елдос», «Әли», «Анкара», «Кооператор» секілді сауда орталықтарын тексерді. Барлық сауда нүктелерінде заңбұзушылықтар тіркеліп, талапқа сай жұмыс істемейтіндігі белгілі болды. Көптеген сөрелерде тұрған тауарларда бағаның құны жазылмаған. Абай көшесінде орналасқан «Әли» дүкенінде мүлдем санитарлық нормалар сақталмаған. Сатушылардың медициналық кітапшалары жоқ, еттердің бағасы көрсетілмеген, тоңазытқыштары жоқ, сатып тұрған еттерінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Қарапайым халық оны білмей алады. Ал, сатушылар болса ұялмай сатып тұр.

«Кооператор» дүкенін тексере келе, барлық сатушылардың тауарға орташа есеппен 20 %-ға дейін қосып сатып тұрғаны анықталды.

–    Өйтпеске болмайды, – деді бір сатушы әйел. – Біз осы дүкеннің басшысына желдеткіш үшін әрқайсымыз ай сайын 5000 теңгеден төлейміз. Егер заңға сай 10 пайыз ғана қосатын болсақ, біз одан пайда таппаймыз.

Әрине, нарықтық экономикада біреуге бағаны көтерме деп немесе төмен түсір деп ешкім де бұйрық бере алмайды. Бірақ, объективті себептерді алға тартып, шексіз шарықтатудың негізсіз екенін дәлелдеп, салық органдарының функциялары арқылы әсер етсе, оған ешқандай кәсіпкер қарсы дау айта алмасы белгілі.

Бірігіп жұмыс істеу арқылы азық-түлік нарығында бағалардың негізсіз көтерілуіне және алыпсатарлыққа жол бермеуіміз керек.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.