Өрт өршіп тұр Кінә кімнен?

Күнделікті өмірде адам баласын қоршаған қауіп-қатер аз емес. Соңғы кезде өрт шығу деректері жиілеп кетті. Өткен жылдың соңында қаламызда екі өрт оқиғасы орын алып, екі бала қаза тапты. Дәл Жаңа жыл түні Ерден көшесіндегі 179 үйдің екінші подъезінде, екінші қабаттағы пәтер отқа оранды. Мұндай келеңсіз жағдайлардың орын алуына кім кінәлі?..

Осы сауалға жауап іздеген біз Сәтбаев қаласының Төтенше жағдайлар бөліміне бас сұғып, олардан қыстың көзі қырауда осындай келеңсіз оқиғалардың орын алу себебі мен салдарын сұрадық. Олардың айтуынша, Сарыарқаның сақылдаған аязында өрт жалыны арта түсетін көрінеді. Ал, төтенше оқиғаның орын алуына көбіне тұрғындар себепкер дейді. Өйткені, қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайды.
Төтенше жағдайлар бөлімі мамандарының айтуынша, өткен жылы қала аумағында 83 өрт тіркеліпті. Оның салдарынан 2 адам қайтыс болып, 3 адам улы газдан жарақат алған. Келтірілген шығын көлемі 4,0 млн. теңгені құрайды.
Өрттердің басым бөлігі көп қабатты тұрғын үйлерінің ауласындағы қоқыстардың уақытылы тазаланбауынан, көп қабатты тұрғын үйлердің подъездерінде орналасқан электр қалқандарында электр сымдарының қысқа тұйықталу әсерінен болып отыр. Өрттің өршуіне сондай-ақ, саяжай және жер үйлердің тұрғындарының жанып жатқан пеш пен электрқұралдарын қараусыз қалдыруы, тұрғындардың кәмелет жасқа толмаған балаларды пәтерде қараусыз қалдыруы, қолдан жасалған электр құрылғыларын, электр сымдарын және электр ұзартқыштарын қолдануы, тамақ істеу барысында электр пешінде тамақты қараусыз қалдыруы, тұрғындардың пәтерлерде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамауы сынды факторлар да әсер етуде. Мұның соңы өкінішті жағдайларға әкеліп соғуда.
Өрттің шығуына әсер ететін және адам өміріне қауіп төндіретін тағы бір фактор – ұялы телефондар мен түрлі гаджеттер. Бүгінде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ұялы телефон ұстайды. Оны күн ұзақ тоққа қосып, қуаттандырады. Міне, осындай кезде де өрт қауіпсіздігін сақтауға мән бермейді. Күн ұзақ тоқта қосулы тұрған қуаттандырғыштың қызып, одан өрт шығатынын ескере бермейміз.
Тілсіз жаудың орын алуына себепкер тағы бір жағдай – көп қабатты үйлердегі кейбір пәтерлердің ұзақ мерзімге және тәулікке, не сағат бойынша жалға берілуі. Мұндай пәтерлерге келушілер өрт қауіпсіздігіне аса мән бере бермейді. Пәтер иелерінің өзі ақшасын алғаны болмаса ол үйлердің тоғына, өзге де өрт қаупін тудыратын жағдайларына атүсті қарайды. Мұның да соңы өкінішке соқтырып жатады.
Осындай себептер мен салдарларды санамалап шыққан төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары тұрғындарға өрт қауіпсіздігі шараларын ескертуді де ұмытқан жоқ. Жатын орында темекі шекпеуді, темекі тұқылын балконнан лақтырмауды, бір тоқ көзіне бірнеше электр құралдарын қоспауды, сымы зақымданған электрқондырғыларды, қолдан жасалынған тоқ тасымалдағыштарды пайдаланбауды, киім-кешекті газдың және электр пешінің үстіне кептірмеуді, балалардың отпен ойнауына жол бермеуді, үйден шығарда газ және электрқұралдарын өшіріп жүруді, түнгі уақытта ұялы телефон және т.б. электр құрылғыларын таңға дейн қауттамауды тағы бір мәрте ескертіп өтті.
– Өрт қауіпсіздік ережесін сақтау – әр азаматтың міндеті. Өртті сөндіргеннен,алдын алған оңай! Өрт оқиғасы болған жағдайда дереу өрт сөндіру қызметіне 101 немесе 112 телефон нөмерлері арқылы хабарласуыңызды сұраймыз, – дейді Сәтбаев қаласының Төтенше жағдайлар бөлімі.

Комментарии закрыты.